Белгілі продюсер Гүлзира Айдарбекова ұлы Қайрат Нұртастың игі істерін айтты. Оның сөзінше, әнші өз концерттерінің бірінде кішкентай балаға қолындағы гауһар тастарымен көмкерілген 5000 доллардың сағатын бере салыпты. Ұлының басқа да жақсылықтарын тізіп шыққан Айдарбекова бұл туралы өз Instagram парақшасына жазды.
Сондай-ақ, продюсер ұлының барған жерінде костюмін сыйға тартуының себебін түсіндірді. Ол ол ма, небір бай-бағланның балалары Қайраттың көзілдірігін сұрап алады екен.«Кейбіреулер соның костюмі кімге керек деп жатады, әйтсе де Қайрат концертінде көңілі түскен балаға ырымдап, ниет етіп береді. Сол костюмін алған баладан, сіз барып сұрап көріңізші, бізге бере салшы деп, ол костюмнен айрылмайтыны анық. Небір байлардың балалары менен талай рет сұрады, ең болмаса тура өзі таққан бір көзілдірігін беріңізші деп. Бір күні Қайратқа елдің мықты азаматы, үстіндегі шапанын шешіп жапты. Сол шапанды кимесек те ілулі тұрады, ешкімге бермейміз. Сол себепті мен қазір бұл жағдайды жақсы түсінемін. Осыдан шамамен 5 жыл бұрын шығар, қолындағы бриллиант тастарымен көмкерілген сол кездегі бағамен 5000$ тұратын сағатын титтей балаға тағып кетіпті», - дейді Гүлзира Айдарбекова.Сөз соңында продюсер көпішліктен Қайратты оның көрсеткен игі істері үшін сөкпеулерін өтінеді. Яғни, ұлының тек костюм ғана сыйламайтынын айтып, басқаларға ақшалай да көмектесіп жүргенін жазды.