Бакуде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Әзірбайжан тарихының ұлттық музейі бірлесе «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты жоба аясында «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесін ашты.
«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасының негізгі мақсаты – шетелдік көрермендерді ерте темір дәуіріндегі Еуразия Ұлы Дала белдеуінің мәдени мұрасымен таныстыру. Көрмеде ҚР Ұлттық музейі қорынан б.з. дейінгі VII-ІІІ ғасырларға жататын алтын бұйымдар коллекциясы мен Есік қорғанынан табылған сақ жауынгері толық киіммен таныстырылды.
Көрменің негізгі экспонаты – 1969 жылы Алматы қаласынан шығысқа қарай 50 шақырым жердегі Есік қорғанынан белгілі археолог Кемал Ақышев басқарған археологиялық экспедиция тапқан «Алтын адам». Көсемнің костюмі мен бас киімінің барлық әшекейлері киімге тігілген ретімен өзгеріссіз сақталған. Барлық әшекейлер өнер туындысы және скифтік-сібірлік аң стильінің ескерткіштеріне жатады. Бүгінде «Алтын адам» бүкіл әлемге танымал және Қазақстан Республикасының символы болып саналады. Археологтар «Алтын адамның» жерлеу камерасыннан барлығы 4800 әшекей тапқан. Бұл бұрын-соңды табылған қорғандар ішіндегі Мысыр перғауыны Тутанхамонның қабірінен кейінгі ең көп алтын әшекейлер табылған қорған болып саналады. Сол сияқты көрмеде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың ортасына дейінгі уақытқа жататын күмістен жасалған әйелдер әшекейлері таныстырылады.
Халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты жоба аясында ұйымдастырылып отырған «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесінде таныстырылған зергерлік өнер туындылары – Еуразияның далалық мәдениетінің өзіндік стилі мен ерекшеліктерін бейнелейтін әшекей-бұйымдар мен бізге аты белгісіз тарих тереңінде қалған шеберлердің қолдарынан шыққан туындылардың бір бөлігі ғана.
Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Қазақстанның Әзірбайжандағы елшісі Бейбіт Исабаев келушілерде «қазақ Тутанхамоны» аталып кеткен «Алтын адамның» тарихымен азды-кем таныстырды. Айта кетсек, аса құнды жәдігер былтырдан бері әлем елдерін аралай бастады. Бүгінге дейін ол Ресей мен Беларусь музейлерінде болып қайтқан. 2021 жылға дейін тағы 12 елде көрсетіледі деп жоспарлануда.
Айтулы жиынға сондай-ақ, Әзірбайжан мәдениет министрінің орынбасары Севда Мамедалиева қатысып, қазақтар мен әзірбайжанның түбі бір халықтар екенін атап өтті.
«Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесі 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.