Роза Алқожаның інісі Әбдіжаппар Әлқожа «Хабар» арнасынан шығатын «Жұлдызды жекпе-жек 2» бағдарламасында бағын сынап жүр. Соңғы турда әділқазы мүшелігінде отырған Мейрамбек Беспаев Әбдіжаппар Әлқожаның әнін сынап, орындаған шығармасын «құдалықтың әні» деп қатты сөккен. Бұған ашуланған Роза Әлқожа әншіге ренжіп, желіге жазба қалдырды.
«Өз басым «Жекпе-жекке» қатыспаушы ем. Бəйгеге түсу үшін адамға қойылған дауыс, мықты демеуші, сəл-сəл арсыздық, азырақ қулық, сосын сынбайтын көңіл керек қой.
Оның үстіне осынша уақыт өз еңбегіңмен бейнебаян түсіріп, əн жаздырып, əрең танылғанда өзі сахнада дəл жобада талап қойғандағыдай жанды дауыста əн айта алмайтындар баға беріп, кеудеңнен кері итеріп отыратын болса.
«Зибаш-ай» құдалықтың əні» деді ғой, менің сүйікті əншім. Ол — халық əні. Ол біздің бесік жырының орнына естіп өскен аяулы əніміз. Адам құдалықта жүрегіне жақын əнді орындайды», — деп жазды Роза Әлқожа.