Әлеуметтік ғылымдар магистрі атанған әнші Мейрамбек Беспаевтың диплом алғанына қуанғандармен бірге сынағандар да бар. Соған байланысты қазақтың қоңыр үнді әншісі өзіне қаратып айтылған, «Әнші – магистр мен докторларға айналды» деген сын пікірге жауап берді.
«Қадірлі, достар! Өкінішке қарай, біздің арамызда қуанышқа ортақтаса алмайтын, іштарлығы бар адамдар да кездеседі. Өзі ұстаз, өзі журналист-ғалым Мырзантай Жақып деген ағамыз фейсбукте мені ғалым болып біреудің орнын тартып алғалы жүрген адамдай сипаттапты. Менің өнерде өз жолым бар. Ешкімнің жолына да, қызметіне де таласқан емеспін», – деп жазды Мейрамбек өз Instagram-парақшасында.
Бүгін ғана магистр атанған әнші дипломды өзінің адал білімімен алғанын айтады. Диссертациясын Түркия, Әзербайжан елдері елшілігінің қатысуымен қорғаған. Сол себептен де әнші жұрттың өзіне күмән келтірмеуін сұрайды.