"Аспанға қараймын" деп қазақ эстрадасының "жұлдызына" айналған Абай Бегей 2 күн бұрын ғана Алматы төрінде екінші рет үйленіп, дүркіретіп той өткізді. Десе де көпшілік әншінің Фаризадай жап-жас сұлуды қолына қондырғанына әлі де таң. Екі жастың бір-біріне лайық емес екендерін жарыса жазғандарға әншінің тағдырласы әрі досы Асхат Тарғын жауап берді.
"Біз үйленгенде біраз адамдар жерден алып, жерге салып еді. Түсінемін, менің өмірбаянымды көбісі білмейді ғой. Сондықтан болар. Мен бірінші жолдасыммен жараспай 10 жыл бұрын жолымыз екіге айрылған болатын. Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан дейді ғой қазағым. 10 жыл бойдақ жүріп, Әлиямен бас қостым. Аллаға шүкір, біз бақыттымыз. Алла бақытымызды ұзағынан қылғай! Сондықтан әр нәрсенің байыбына жетпей ғайбат жазбаңыздаршы! Әр адам бақытты болуға лайық", - деп жазды Асхат Тарғын өзінің желідегі парақшасына. Асхат Тарғынның шымбайына батқаны, Абай Бегей сияқты өзінің де бір кездері жас қызға үйленуі. Былтыр оқуды енді ғана тәмәмдаған Әлиямен бас қосқан әнші келіншегінен 12 жас үлкен. Бірінші некесінен 1 қыз баласы бар.