Белгілі әнші Меруерт Түсіпбаева Алматыдағы Атакент көрме орталығының алдына тиін мүсінін қойғандарды сынға алды.
Ол Алматының негізгі символы алма екенін айтып, шенділерді жауапқа тарту керек деген пікірін білдірді.
«Тиін мүсініне 23 млн теңге жұмсалған. Сенейін бе, сенбейін бе? Алып тиін мүсінінің пайда болғаны қала тұрғындарын таңғалдырмай қойған жоқ. Неге тиін? Неге 23 миллион теңге деген сұрақ мені де мазалайды. Негізі біз түркіміз. Түркі тілдестерді, біздерді қасқыр асыраған деген талай аңыз бар. Тиін емес, қасқырдың мүсіні болса келісер едім. Неге тиін? Кім біледі? Алматының символы негізі алма еді ғой», – деп жазады әнші өзінің Facebook-парақшасында.
Желі қолданушылардың арасында әншіні қолдаған, сондай-ақ, оның сөзімен келіспейтіндері де табылды.
Айта кетсек, бүгін Алматыда тиін мүсінінің қойылуы салтанаты өтті. Оның биіктігі шамамен 12 метрді құрайды.