09.08.2018, 05:47

«50 мың теңге қаламақыны қымбатсынды»: «Әгугай, құрбым» әнінің авторы Салтанат Бақаеваға ренішін жеткізді (ВИДЕО)

Белгілі әнші, актриса Салтанат Бақаеваның орындауындағы «Әгугай, құрбым» әні бүгінде тойларда хитке айналған. Алайда, әннің сөзін жазған ақын Назерке Семейге әнші бір тиын да төлемеген екен. Бұл туралы ақын өз Instagram-парақшасында айтты.

Назеркенің айтуынша, Салтанат 50 мың теңге қаламақыны қымбатсынған. Сондай-ақ, еш ақша төлеместен әнді тойларда орындап жүр екен.

«Қайырлы түн, құрметті оқырмандар! Осы күнге дейін «Әннің авторлары неге тасада қала береді?», «Неге әншілер осы сазгер-ақын-өңдеуші еңбегін дұрыс бағаламайды?», «Неге оларды тек әншілердің өзі ғана таниды, халық танымайды?» деп талай жазба шығарып, шырылдағанмын. Шыны керек, жазғанымды елеген жан табылмады. Павлодар қаласында тіпті дауысымды рұқсатымсыз пайдаланып жүргендер жайлы естіп, өте қатты күйіндім. Осы мәселе хақында Бибігүл Дәулетбекқызынан «Осындай ұрылармен қалай күресуге болады?» деп көмек сұрағаным рас. Ол кісі бірден жауап беріп, номеріне хабарласуымды сұрады. Әңгімеміз барысында көзіме жас келді, жүрегім сыздады. Әңгімеміз «Әгугай, құрбым» әнінің төңірегінде болған соң, Бибігүл ханым бірден «Салтанат Бақаева осы мәтінді жазғаның үшін қанша қаламақы берді?» деді... Өтірік айта алмадым. Әнді әуеннің авторы Ерхан Алданазаров арқылы жазған болатынбыз. Ән шыққан соң, хит болған соң да, бейнебаяны шыққаннан кейін де Салтанат ханым өзі «Осы әніміз хит болды, қаламақыңды берейін» деп хабарласа ма деп күттім. Себебі менің санамда «қаламақыны сұрамайды, қаламақыны береді» деген баяғы ата-бабаларымыздан қалған түсінік қалыптасқан-ды», – дейді ақын.

Назеркенің айтуынша, ол Салтанат Бақаевадан қаламақы күткен. Алайда, әнші әннің мәтіні үшін 20 мың теңге ғана беретінін айтыпты.

«Олай ойлауым қате екенін тым кеш түсіндім. Салтанат ханымнан қаламақы сұрамағаным үшін мен кінәлімін бе, әлде ризашылығын білдіріп өзі ұсынбаған ол кінәлі ме – бұл мен үшін сұрақ. Десе де, «Әгугай, құрбым» әнінен кейін Салтанат Бақаевамен Ерхан Алданазаров арқылы тағы бір ән жазатын болдық.Бұл жолы ұзатуға емес, қызды ортаға алып шығуға арналған ән. Қаламақы сұрайтынымды сазгерге бірден ескерттім. Әуенді тыңдап, оған «Әдемі-ай» деп ат қойдым. Ондағы ойым «Әгугай» сөзімен келісті болсын дегенім. Сөзді жаздым. Сазгер де, Салтанат Бақаева да сөзді ұнатты. Сол кезде ғана Салтанат ханым телефон нөміріме хабарласты. Ондағы ойы қаламақы сомасы жайлы келісу. Менің айтқан қаламақы мөлшері – 50 мың, оның ұсынғаны – 20 мың. Келісе алмадық. Ол әнге мәтінді басқа ақынға жаздырды. Мен қарсы болмадым. Бірақ ән шыққан соң ғана «Әдемі-ай» деген аты қалып қойғанын білдім. Автоматты түрде менің жазған мәтінім далада қалды», – деп жазды Назерке Семей.