22.08.2018, 04:37

«Түсініксіз күй бар»: Тележүргізуші өзін «Түнгі студия» бағдарламасының жүргізушілігінен алып тастағанын айтты

Белгілі блогер Эльвира Ерғалина енді «Түнгі студия» бағдарламасынан бой көрсетпейді. Бұл туралы ол өзінің желідегі парақшасында жазды. Айтуынша, Эльвира басшылықтың өзін жұмыстан шеттетіп тастағанынан бейхабар болған екен.

«Түнгі студияданың» бұрышында отырмаймын енді. Иә, бұл бағдарламадағы қосалқы жүргізушілік қызметім аяқталды. Жаңа маусымда орныма басқа қыз келеді. ТВ экранына шығуға мүмкіндік берген Жаратқанға, арна басшылығына алғысым шексіз. Бойымда кез келген істі алып кететін қабілет бар өзіме ризамын. Мен үшін бұл кезең мықты тәжірибе сыйлады, біраз нәрсе үйрендім, жауапкершілікті сезіне түстім», – деп жазады Эльвира Instagram-парақшасына.

Өзінің «Түнгі студия» бағдарламасынан еш себепсіз кетіп бара жатқан Ерғалина ешкімге ренжімейтінін жеткізді. Басшылық оның орнына басқа тележүргізуші тағайындағанын түсіндірмеген де екен.

«Орнымнан кеткеніме ренжулімін бе? Жоқ. Ешқандай реніш те, өкпе де жоқ. Қайта өмірімде жаңа кезең келгелі жатқанына қуанам. Барлық нәрсенің басы мен аяғы бар, менің бұл жобадағы миссиям аяқталған шығар. Аздап сұрақ па, түсініксіз күй бар. Жоба басшыларының кетуімнің себебін еш түсіндірмеуі және өздерінің ешқайсысы менімен хабарласпағаны. Демек, тікелей сөйлесуге кідіртіп тұрған бірдеңе бар шығар, әйтеуір, осы жері тұманды мен үшін», – деді блогер.

Десек те, Эльвира бағдарламадан өзінің не себептен алынып тасталғанын әлі де түсінбей жүргенін айтты.

«Өткен маусымды жақсы көрсеткішпен аяқтап, тап сол құраммен жалғастыратын боп шешілген. Бүгін тосын жаңалықты есіттім. Бәлкім, көрерменге ұнамаған шығармын, кәсібилік жоқ шығар менде. Бәлкім, басқа біреу осы орында отырғысы келген шығар. Себебін өзім де болжай алмай отырмын. Десе де, түсірілім барысында бар мүмкіндігімді қолдандым. Мына бұрышта отырып, эфирге шығатын жанға сәттілік тілеймін! Бастысы, халықтың көңілінен шықса екен. Кім келсе де, лайық адам екеніне сенімдімін», – деп сөзін аяқтады Эльвира Ерғалина.