Биыл Еуразиялық музыка премиясында сын садағына іліккен әншілердің асығы алшысынан түсті. «91» бойзбендіне бұрын-соңды болмаған номинация бұйырса, Қайрат Нұртастың інісі «Үздік орындаушы» мүсіншесін еншіледі деп хабарлайды «НТК» арнасындағы «Ревю» бағдарламасы.
Осы жылы отандық жұлдыздар ЕМА премиясын Елорда төрінде атап өтті. 7-ші мәрте ұйымдастырылған жобада шоу-бизнес өкілдері әдеттегідей қызыл кілеммен жүріп өтіп, марапаттау рәсімінде 15-тен астам номинацияны өзара бөліске салды. «Самая вышка» трегі арқылы танылған Артур мен Райым, «Жыл жаңалығымен» қатар «Ғаламтор таңдауы» сынды номинацияны жеңіп алды.
Қанжығасы қос бірдей жүлдемен майлаған музыканттардың қатарында – Найнти уан ұжымы да бар. Аталмыш бестіктің «Аяма» клипі сапалы бейнебаяндардың көшін бастаса, су жаңа номинация «Үздік кью-поп әртісі» мүсіншесі де «91» тобына табысталды.
«Кью-поп бағытына 3-ақ жыл болды. Бірінші қыркүйектен бастап 3 жыл болуы керек. Жалпы кью-поп бағыты мойындалып, оған ресми түрде номинация ұсынылуы бізді өте қатты қуантады. Кью-поп бағытын шынымен де бар деп біз айта аламыз», – дейді «Ninety one» тобы.
«Үздік дуэт» номинациясы Баян Алагөзова басқаратын орталыққа бұйырды. Қыздар ұжымына хайп сыйлаған трек, жеңісті де тарту етті.
Кешьюдің экс-мүшелері де жүлдеден құр қалған жоқ. Нәзік жандылар арасындағы «Үздік орындаушы» номинациясына, атышулы ұжымның алтын құрамы лайық деп таңдалған. Алайда, Жанар Дұғалова мен Айдана Меденованы Кәмшат Жолдыбаева жолда қалдырды.
«Мен шыныменде Жанарға да, Айданаға да іштей жанкүйер болып отырдым. Қалай болғанда да, бұл үлкен жеңіс», – деді Кәмшат Жолдыбаева.
Қайрат Нұртас – «Үздік орындаушы»! Халықтың таңдауында топ жарған хитмен, бұл жолы марапатын інісіне табыстады.
«Заңғарға айтарым, барлығы Алланың қалауымен. Сондықтан алға баса бер. Тыңдайтындарды тыңда, тыңдамайтындарды тыңдама!», – деді Қайрат Нұртас.