Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева да әншілер секілді ән жаздырып, тойда қыз ұзатып жүр. Ақынды көбіне құрмет тұтып шақыратындар – үлкендер қауымы. Бұдан өзінің де хабары бар ақын тойдан кейін өзімен естелік суретке түскісі келетіндер жайында желідегі парақшасында жазыпты.
«Әйтеуір тойға барсақ фотоға еркектер Еркемен түседі, қыздар Қайратпен түседі, келіншектер Мейрамбекпен түседі, апайлар Досымжанмен түседі, ағалар Алтынаймен түседі, балалар Сәкенмен түседі. Менімен түсетін сол апалар мен аталар», – дейді Тұрсынбаева.
Ал жастардың ілеуде біреуі келе қалса, олар да «апама сізбен түскен суретті көрсетіп қуантайыншы» немесе «сізді қайтыс болған атам жақсы көретін еді» деп өтініш жасайды екен.
Айта кетейік, Айнұр Тұрсынбаева айтыстан көлік ұтудан «рекорд» орнатқан Қазақстандағы бірден бір ақын.