$ 447.4  477.55  4.76

550 жылдыққа арналған қойылыда 500 актер ойнайды

Қазақ хандығының жарты мыңжылдығына орай Әуезов театрының ұжымы ауқымды спектакль дайындауда. Жабал Ерғалиевтің «Қилы жол» шығармасының желісінде көрініс табатын қойылымға Керей мен Жәнібек тұсындағы оқиғалар арқау болған. Спектакльге ұзын-ырғасы 500-ден астам актер қатыспақ, деп хабарлайды almaty.tv

Жазғы демалыс маусымына қарамастан, Әуезов театрының ұжымы қазір қызу жұмыс істеуде. Себебі шығармашылық топқа артылған жүк ауыр. Күллі қазақтың асыға күткен торқалы тойы - Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылатын шарада ауқымды «Қилы жол» спектаклін абыроймен сахналау басты мақсат. Жабал Ерғалиевтің қаламынан туған шығармада 1465 жылғы елеулі оқиға, яғни Керей мен Жәнібектің қазақ хандығының қазығын қаққаны баяндалады. 1 сағатқа жоспарланған спектакльде Жәнібек пен Керейдің Әбілхайыр ханнан бөлініп, азаттық пен бостандықты арман еткен қалың қазақты артынан ертіп, бір ту астына жинаған кезеңі бейнеленеді. 
«Қазіргі кездерде әртүрлі ұғымдар, әртүрлі алып қашпа сөздер шығып жатыр ғой, «Қазақ елі болмаған, қазақ мемлекет болмаған, қазақтың жері болмаған» деген. Керек десеңіз, біздің жеріміз анау Алтайдан бастап, сонау Еуропаға дейін кетіп қалады. Еуропаға дейін, Еуропа халқына, Рим империясына азаттық алып берген қазақ екенін естен шығармауымыз керек. Сондықтан Қазақ елі, мемлекеті деген осы тарихи дүние, Керей мен Жәнібектен басталады. Біздің қойып жатқан спектакліміз сол туралы»,- деді қоюшы-режиссер Әубәкір РАХИМОВ. 
Қойылымда хандықтың қалай құрылғаны, ол кездегі талас-тартыс, қилы заман егжей-тегжейлі көрсетіледі. Ашық аспан астында, үлкен стадионда қойылатын ауқымды спектальде Әуезов театры мен Тараз қаласының 500 -ден астамы әртісі атсалысады. 200 актер жауынгердің рөлін сомдап, сахналық шайқастарға жауапты болса, 150-ден астам адам би көріністерін жасайды. ХV ғасырдағы көшпенді қазақтың бай мәдениеті қамтылатын қойылымды жұтаң етіп көрсетпеу үшін арнайы костюмдер мен декорациялар әзірленуде. 
«Арнайы сауыт-сайман, қару-жарағы бар 30 жауынгерлік костюм тіктірдік. Сондай-ақ 200 сарбазға арналған киім үлгісін жасадық. Олар да әртүрлі қылыш, қалқандарымен және найзаларымен жасақталған. Қойылым алаңда өтетіндіктен, ауқымды әрі көрер көзге ерекше әсерлі, қызықты болуы тиіс. Сондықтан 3 қабатты ауқымды декорациялар құрамыз. Ақ киізге отырғызып, хан көтеру рәсімін де ерекше көрсетеміз»,- деді театрдың бас суретшісі Есенгелді ТҰЯҚОВ. 
«Қилы жол» қойылымын барша көрермен қазан айында Тараз қаласының орталық стадионында тамашалай алады. Қазақ хандығының жарты мыңжылдығын тойлау барысында жарыққа шығатын спектакльге Елбасының өзі арнайы келіп қатыспақ. Бұрын-соңды болмаған қойылым көрерменді таңдай қақтырады. 

 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары