Айгүл Иманбаева өзіне ұсынылған қызметтер туралы және оларды неліктен қабылдамағанын түсіндірді деп жазады Sputniknews.kz.
Актриса бір кездері өзіне жасалған ұсыныстардан бас тартқаны үшін өкінген сәттері болғанын жасырмады. Десе де, айтуынша, бұл ұсыныстарды қабылдау үшін ар-ұяттан аттап өтуге тәрбиесі жібермеген екен.
«Қазақта арың мен намысыңның құлы бол деген бата-тілек бар. Қолдан келгенше ардан аттамауға тырысамын. Сол дүниеден аттағанда мен қазір жоқ дегенде мәдениет министрлігінде, болмаса үлкен «креслода» отыратын едім. Оған мүмкіндік те, талай ұсыныс та болды. Моральдық тұрғыдан аттай алмасаң, маңдай тер мен еңбек, адал тапқан табысыңа жүгінесің. Осы нәрсенің нәтижесі тәтті болады екен. Оны енді сезініп жатқан жайымыз бар. Сол кездері «Неге сөйтпедім?! Маған ұсыныс жасап еді, неге бас тарттым? Әттеген-ай» деген кездерім болды», — деді Айгүл Иманбаева Сенбілік таң бағдарламасында.
Әрі қарай актриса бүгінде ары таза болғандықтан, жақындарының көзіне тік қарап абыроймен жүргенін айтып өтті.