Жезқазғанда тағы той. Бұл жолы мысты қалада «Сиқырлы гитар тілімен» атты авторлық және бардтық әндердің аймақтық фестивалі өз жалауын көтерді. Алматы, Астана, Павлодар, Қарағанды қалаларынан ағылған өнер иелерінің басқосуына қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мұрындық болғанын айта кеткен жөн. Аймақтық фестивальге қатысуға барлығы 37 өтініш түскен. Өтініш білдіргендердің ішінде жергілікті және сәтбаевтық ақын, бард әншілері де бар. «Сиқырлы гитар тілімен» атты авторлық және бардтық әндердің аймақтық фестивалі алты аталым бойынша өтті.
Үш күнге созылған өнер додасында төрелік айту да кіл мықтыларға бұйырды. Атап айтқанда, қазылар алғасының төрағасы болып ҚР Мәдениет қайраткері, әйгілі «Қаракөз» ансамблінің әншісі, композитор, орындаушы Ахмедия Есмұханов таңдалса, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғазиз Ештанав пен Алматы қаласындағы «ВИГУС» авторлық әндер театрының жетекшісі Владимир Гусар, сондай-ақ, оңтүстік астанада орналасқан «Вокал» студиясының жетекшісі Наталья Андреевская да қазылар алқасына мүшелік етті.
Аймақтық фестивальдің алғашқы күнінде Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде іріктеу кезеңі өтті. Қатысушыларға сәттілік тілеу үшін сахна төріне көтерілген Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева фестивальдің мақсат-міндеттеріне аз-кем тоқтала өтті.
– Біраздан бері өнердің бұл түрі көлеңкеде қалып қойғаны бар. Сондықтан, авторлық және бардтық әндер орындаушыларының басын бір қосып, қала тұрғындарына мереке сыйлауды мақсат тұттық. Сонымен қатар, ақындарды да ескере кетуді құп көрдік.«Сиқырлы гитара тілімен» фестивалі биыл әнге сөз жазған ақындардың шығармаларын бағалауға назар аударып отыр. Қазақ және орыс тілінде жазатын ақындарымыздың да шығармалары қазылар таразысына түседі,- деді. Бұдан соң қатысушылар өз өнерлерін ортаға салып, бақ сынасты.
Сол күні кешкісін Кеңгірдің жағалауында әлі де дүбірі басылмаған халықаралық «Жезкиік» фестивалі өткен құтты мекенде «Сиқырлы гитар тілімен» атты авторлық және бардтық әндердің аймақтық фестивалінің салтанатты ашылуы өтіп, қала тұрғындарына тағы мереке сыйлады. Көрермен қауымның ыстық ықыласын сезінген фестиваль қатысушылары өздерін еркін ұстап, өнерлерін жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік алды. Қатысушылардың басым көпшілігі әуесқойлар екенін айта кету керек. Сондықтан, алғашқы іріктеу кезеңінде қазылар тарапынан сын ескертпелер айтылды. Дегенмен, кешкі кездесуде қобалжудың бәрі артты қалды.
Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева кездесуді құттықтау сөзімен ашып берген соң, сахна төріне көтерліген Ахмедия Есмұханов «Есіл ағады» әнін орындап, жиналғандардың көңіл-күйін еселей түсті. Ал, жергілікті ақын Алесь Черкасов пен керекулік Елена Вайбердтің қаламынан туған жыр жолдары мен бард әншілері Людмла Барламова мен Виктор Дирксенның әншашуы да көрермен жүрегіне жетті. Павлодардан асыға жеткен Виктор Дирксен Жезқазғанды әнге қосып, көрерменнің есінде жатталды.
Фетивальдің ашылу салтанаты қарашаңырақ Қарсақбайда алғашқы мыс балқымасын алынғанына 90 жыл толу мерейтойымен тұспа-тұс келді. Осы ретте ақын Ғазиз Ештанаев Қарсақбайды жырына арқау етіп, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қорабай Есеновке арнаған жыр жолдарын оқыды да қазақ эстрадасына өзгере сарын, жаңа леп әкелген біздің тұңғыш гитарит-әншіні төрге шығарды. Ол да қолынан гитарасын тастамай екі-үш ән тарту етті.
«Сиқырлы гитар тілімен» атты авторлық және бардтық әндердің аймақтық фестивалінің екінші күнінде Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде ақтық сайыс өтті. Ұсынылған 32 жұмыстың 22-сі қайтадан қазылар алқасының талқылауына түсті. Қазақ тілді ақындарды жинаған «Ақын» номинациясында жергілікті жас ақындар Медет Қарахметов, Аружан Оралбай мен Жанат Әбдіғожин, сондай-ақ кеншілер қаласынан келген Гүлнәр Салмурзинова өнер көрсетті. Орыс тілді ақындардың ішінде жезқазғандық Валерий Поповтың «Баллада о солдате» атты туындысы көптің көзіне жас үйрілтіп, сол бір от кешкен Ұлы Отан соғысы кезіндегі зұлматты көрермен көз алдына алып келді.
Қазылар алқасына үміткерлердің өнері мен шеберлігін сарапқа салып, жүзден жүйрік шыққанды анықтау оңайға соқпады. Қай-қайсысы болмасын өзінше мықтылығын көрсетті. Фестивальдің бас жүлдесі Алматы қаласынан келген Игорь Рогожниковтың еншісінде кетті. Оның ән орындау стилі мен зор дауысы Владимир Высоцкийге ұқсайтынын қазылар алқасы мен көрермен бірден байқады. Көзінің кеміңстігіне қарамастан, гитарада ойнау қабілеті де жоғары деңгейде. Міне, осы қарым-қабілетінің арқасында бас жүлдеге тігілген қомақты қаржының иегері атанды. «Ақын» ататылымында «Тас» атты өлеңін оқыған Жанат Әбдіғожин жүлделі І орынан табылды. Жас ақын Аружан Оралбай ІІ орынға, Медет Қарахметов ІІІ орынға лайықты деп танылды. Орыс тілді ақындардың ішінде Валерий Попов озып шықса, Алесь Черкасов ІІ орынды жеңіп алды. Елена Вайберд пен Наталья Сергушоваға жүлделі ІІІ орын бұйырды. «Орындаушы» номинациясының жүлделі орындарының бәрі алматылық бард орындаушыларына бұйырды. Осы аталымда Игорь Рогожниковтің, Наталья Кулешова мен Александр Каблучкиннің бағы жанды. «Композитор» аталымында жезқазғандық өнерпаздардың бабы шапты десе болады. Алғашқы екі орынды Нұрсейіт Қаратаев пен Людмила
Барламова жеңіп алды. Ал, ІІІ орын Қарсақбай жайында ән орындаған қарағандылық Ерлан Ержановтың қанжығасын майлады. Ән мен сөз жазғандардың арасынан тағы да алматылық Игорь Рогожников суырылып шықты. Осы аталымда жүлделі ІІ орынды Александр Каблучкин мен Ерлан Ержанов иеленді. Павлодарлық Виктор Дирксен жүлделі ІІІ орынға табан тіреді.
Марапаттау салтанаты Кеңгірдің жағалауында ұйымдастырылды. Жеңімпаздармен қатар «Сиқырлы гитар тілімен» фестивальдің барша қатысушылары ескерусіз қалмады. Оларға да лайықты құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар тапсырылды. Одан кейін барша қатысушылар жағалауда от жағып, шығармашылық кеште бас қосты. Емін-еркін әңгімелесіп, өлең оқып, әндетті.
«Сиқырлы гитар тілімен» атты авторлық және бардтық әндердің аймақтық фестивалі үшінші күні С.Сейфуллин атындағы кітапхана өткен баспасөз мәслихатымен түйінделді. Шай дастарқанының басына жиналған барша қтысушылар алған әсерлерімен бөлісті. Сондай-ақ, ұйымдастырушыларға зор алғыстарын жеткізіп, ерекше өнер түрін бағалауға әрі көтермелеуге бағытталған аталмыш фестиваль жалғасын тапса деген өтініштерін білдірді. Жезқазған қаласына бауыр басып, жаңа достар тапқанын айтып, жүректерін толтырған қимастық сезімін әнмен жеткізді.