05.10.2018, 11:55

Сәуле Әбединова тағы да бір бауырын жер қойнына тапсырғанын айтты

Осы жазда жалғыз ұлынан айырылып қалған белгілі тележүргізуші Сәуле Әбілдаханқызы тағы да қара жамылған. Қайғыдан қан жұтқан ол бір ай бұрын ғана жер қойнына бауырын тапсырғаны туралы Instagram-парақшасында жазды.

«2 қыркүйектен бері бір арнау пост жазу парызым еді… Сол күні тағы бір құлыншағымыздан – Абзалымның сыңарындай боп бірге өскен, бір бесікте кезек-кезек тербелген, бірге жүрген, бір-бірінсіз ас батпайтын Нұрсұлтан деген балапанымыздан айырылған едік», – деп Сәуле Әбединова басындағы қайғысы жайында көпшілікке айтты.

Марқұм болған азамат журналистің ұлы Абзалмен тете өскен бауыры екен. Олардың өмірден жастай кеткені үшін өзегі өртенген тележүргізуші соңғы уақытта өз отбасынан қайғы неге арылмай қойғанына жауап іздеген.

«Сол күндері осы фб-да небір тасарал, масарал т.б. бақа-шаяндардың біраз жүйке жұқартқан посттарына – жазбасқа амалым қалмағандықтан – жауап жазды. Ал негізі ол күндері Нұрсұлтаныма арнап жоқтау жазу міндетім еді. Жазбақ та болдым. Жаза алмадым. Қолым бармады.  Өйткені қайта-қайта жақыныңнан айырылғаның туралы дүйім жұртқа айту өте ауыр екен. Бүгін тағы бір қыршын кеткен жасты – өз баламдай боп өскен Нұрсұлтанымызды қара жер қойнына тапсырғалы тура бір ай болды. Тағы да «Неге бұлай?..» деген сұрақ. Неге жастай? Неге мүшел жаста?.. неге біздің әулет?.. неге?.. неге? Былтыр күзде Азамат бауырым кеткенде осы сұрақ жанымды жегідей жеген. Балам кеткенде мұндай өлімнің себебін іздемек те болғанмын.  Тағы жас өлім.., тағы мүшел жаста келген ажал отбасында 4 қыз болсақ, төртеуіміздің де ұлдарымыз жастай кетті. Оның үшеуі мүшел жаста. «Неге?» деген сұрақтың тумауы мүмкін емес, себебін іздемеу мүмкін емес жағдайға келдік. Мұның бәрі жайдан-жай, тегіннен-тегін, құдайдан келген ажал емес екенін жүрегім сезеді. Адамнан келген қастандықтың кесірі», – деді қайғыға мойынұсынған тележүргізуші.