12.10.2018, 06:20

«Сүйіктіме арналған»: Айқын екінші әйеліне арнап бейнебаян түсірді

Айқынның кезекті клипі ғашығына арналады. Тіпті өмірлік жары туралы бейнебаян, әнші жігіттің қалтасын біраз жұқартқан көрінеді. Сүйіктісіне деген сезімін суреттейтін видео жайлы Төлепбергеннің өзі айтсын деп хабарлайды «НТК» арнасы.

«Бұрынғы клиптерден өзгешелеу, бюджеті де бұрынғы клиптерге қарағанда үлкендеу. Содан кейін ән де орысша. Алдыңғы әндердің бәрі қазақша. Бұл ән орысша. «Ты моя» деп аталады. Өзім әні мен сөзін жазған әнім. Өзі түгелімен идеясын шығарған әнім», – дейді Айқын Төлепберген.

Бұл бейнебаянның режиссерлық тізгінін Ерболат Беделхан өз қолына алып, таспалауға кіріскен. «91» тобының клиптері көңілінен шықса керек, Айқын атышулы продюсерге өзі ұсыныс тастапты.

«Маған «Найнти уанның» клиптері ұнады да, содан кейін ойладым бұл әнге келетін бейнебаянды Ерболат түсіру керек деп, осы Ерболатпен сөйлестім. «Найнти уанның» клиптері өзі өзгеше ғой. Сондай стильде түсіргім келді толығымен», – деді әнші.

Бірақ, Беделхан бұл жолы Айқыннан «Найнти уанның» көшірмесін жасауға құлықты емес.

«Жоқ, бұл «91» тобына ұқсамайды. Себебі Айқын мен «91» тобының өнері, бағыты екі бөлек. Бұл жерде енді сапа деп айтуға болады», – дейді продюсер Ерболат Беделхан.

Қос тарап осыдан бір ай бұрын түсірілім туралы келісіп, соңғы 5 күн бойы дәл осы локацияны дайындаған. Жаңа туындыда Төлепбергеннің ғашығын отандық шоу-бизнестегі танымал бикештердің бірі сомдайды. Айқын клиптегі кейіпкердің есімін құпия сақтағанымен, бейнебаянның өмірлік жұбайына арналғанын айтты.

«Айтқым келгені жай кез-келген жігіт машинада келіп жатып, әнді қойып өзінің ғашығын есіне түсіреді. Сосын қоңырау шалып: «ты моя если что, ты моя конкретно» деген сияқты... Иә, сүйіктіме арналған», – деді Айқын Төлепберген.

Айқын романтикаға толы видеосын, жарты айдың көлемінде көрерменге ұсынамын деп уәде етті.