«Әдебиет тарландарының әдеби мұрасы». Осындай тақырыпта Жезқазған қаласында республикалық «Бір ел, бір кітап» акциясы аясында М.Әуезов кітапханасында әбеди кеш өтті. Шараға кітапхана оқырмандары мен мектеп оқушылары, студенттер қатысты.
Кеште Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітаптары таныстырылып, басылымды бұған дейін оқығандар шығармалардың мазмұнына тоқталды.
Мәселен, таңдалып алынған үш тарланның ішіндегі Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабы көпшілікке ешқашан да үміт үзбеуге үйретеді. Небәрі 30 жасында төсек тартқан кейіпкердің өмірге деген құлшынысы, жарық дүниеге деген махаббатының арқасында қиындықты жеңіп шығуы жастарды мықты болуға тәрбиелейді. Төсек тартып жатып, кітаптарды қазақшаға аударуы, еңбек етуі, әрі сол еңбегіне тиесілі қаламақысын алып, кәдесіне жаратуы оқырманға ой салады. Дені сау адамның істей алмағанын науқастанып жатқан жанның жасай білуі, бұлардың бәрі кез келген оқырманды ойландырады. Кез келген жанды сүрінген жерден қайта тұрып, өмірді қайта бастауға жол көрсетеді.
Шарада Н. Келімбетовтің өмірі мен «Үміт үзгім келмейді кітабының» шығу тарихынан сыр шертетін бейне роликтер оқырман назарына ұсынылды. 30 жасында арбаға таңылған, өмірден үміт үзбеген Немат Келімбетовтің образына кіріп, монолог оқыған тұрақты оқырман Бекзат Әуелбек көрермендердің көзіне жас үйіртті.
Кеште жазушыға арналған «Арнаулар» оқылды. Кітапхана оқырмандарының бірі Сайлау Жаннұр «Арманыма сенемін» әнімен сахна шымылдығын жапты.
Іс шараға Жезқазған универститетінің студенттері, №11 мектептің кітапханашысы Әмина Төленова және 9 сынып оқушылары қатысып, 3 кітап жайлы барлық мағлұматтарды білуге мүмкіндік алды.