$ 481.84  531.33  5.07

Өмірі де, өнері де ерекше

С. Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалы-драма тетарында аймақтық «Үміттің алқызықыл желкені» атты көркемөнерпаздардың шығармашылық фестивалі өтті.

Елордасы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған фестивальға өздері де, өнерлері де ерекше жандар қатысты. «Елбасы өзінің дәстүрлі Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс» деп атап көрсеткені белгілі. Ерекше жандардың рухани дамуына, олардың бойындағы қабілетін, өнерін ел алдына шығару мақсатында өткен «Үміттің алқызыл желкені» фестивалі биыл «хор және вокал», «көркемсөз оқу», «мимикамен өлең айту», «жеке шығармашылық» сынды кезеңдермен өтті.

Аталмыш шара «Менің әлемім» атты көрмемен бастау алды. Көрмеде әртүрлі әдіспен жасалған бұйымдарды көруге болады. Бірі бояуы мен кескіні келіскен сурет салса, бірі кесте тіккен, ал енді бірі былғарыдан бұйымдар әзірлеген. Бір қарағанда сондай көркем туындыларды арбаға таңылған немесе сөйлей алмайтын адамдар жасады дегенге таңқаласын. Бірақ, осы еңбектерімен олар әркез мүмкіндіктері шектеусіз екенін бар әлемге дәлелдеп келеді. Нағыз талантқа ештеңе кедергі бола алмайды. Қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова қатысушылар мен жанкүйерлерді фестивальдің ашылуымен құттықтап, оларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар ерекше балаларға қолдау білдіріп, арнайы Алматы қаласынан Игорь Рогожников келді. Ол жақында ғана мысты қалада өткен «Сиқырлы гитар тілімен» атты бард әншілерінің аймақтық фестивальдің бас жүлде иегері. Көз жанарынан айырылған ол сахнаға алғаш шыққалы тұрған өзінің ізбасарларына жеңіс тіледі. Сондай-ақ, өз шығармашылығынан жанды дауыста ән айтып, фестивальдің шымылдығын ашып берді. Бұл өз кезегінде сайыс қатысушыларына ерекше жігер беріп, қуат сыйлағандай болды.

Ең алғаш болып сахнаға «Айсұлу» инклюзивті балабақша бүлдіршіндері шықты. Олар «Біз әртүрліміз» деген биді көпшілікке паш етті. Ал, «Лира» мәдениет үйінің тәрбиеленушілері «Туған үйім» атты өлеңді ыммен орындап шықты. Қаламыздағы №21 орта мектебінің хор ұжымы «Мектебім» әнін нақышына келтіріп орындады және үнді биін тарту етті.

Биыл фестивальға көршілес кеншілер қаласынан да келіп қатысқандар бар. Қазақстан халқының рухани қоғамдық келісім орталығының тәрбиеленушілері Дмитрий анасына арнап ән арнаса, кішкентай Ержан «Мақтанышым – Сәтбаев» атты өлеңді мәнерлеп оқып берді. Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығының намысын ту еткен Ерасыл «Астана» әнімен көпшілікті таң-тамаша етті.

«Ақсауыт» қоғамдық бірлестігінің атынан фестивальге қатысқан Қуанышбек аға нәзік жандыларға арнап ән орындады. «Аялы алақан» мүгедек балаларды бейімдеу орталығының балалары бас қаламыз Астана қаласының мерейтойына арнап флешмоб билеп, көрерменнің көңіл күйін көтерді. «Нұрмақсат» қоғамдық бірлестігінен қатысқан Людмила апа халық әніне айналған «Ақсақ киік» әнін домбыраның сүйемелдеуімен жанды дауыста шырқады. №10 орта мектебінің ерекше балалары Астана қаласына арнап өлең оқыды. №13 орта мектебінің оқушысы Асылхан да Елорданы 20 жасымен құттықтап, ән арнады. Жезқазған қаласы қарттар мен мүгедектердің медициналық-әлеуметтік мекемесінің тұрғындары өткен ғасырдан бері халықтың сүйікті әндеріне айналған туындыларды шырқап, көрермендерді бір серпілтіп тастады. Ал №3 орта мектептің білім алушылары рок-н-ролл биін биледі, мектептің хор ұжымы «Жаңа күн» әнін шырқады. Фестиваль қатысушылары мүмкіндігі шектелсе де, рухы сынбаған жандар екенін көпшілікке дәлелдеді. Өмірі де, өнері де өзгеше жандарға қолдау көрсетіп келген көрермендердің ықыласы да ерекше болды.

Фестиваль соңында барлық қатысушыраға арнайы диплом мен 50 000 теңге көлемінде сыйлық табыс етілді.

Арайлым ЕРҚОҢЫРОВА,

Суретті түсірген Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары