16 қазан күні Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде «Достығы шалқыған шаңырақ» атты жергілікті этномәдени бірлестіктердің қатысуымен көрме-сайыс өтті. Шара 18 қазан – Рухани келісім күні аясында өткізіліп отыр.
Рухани келісім – бұл тұрақтылықтың іргетасы, біздің мемлекетіміз ішкі саясатта этносаралық келісім, діни төзімділікті, конфессияаралық сұхбатты сақтауға, нығайтуға баса назар аударады.
Іс-шараның алғы сөзі «Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығы» директоры Бақытжан Көпбаевқа берілді.
«Достығы шалқыған шаңырақ» шарасы 4 турдан тұратын сайыс ретінде өтті. Сайысқа қатысқан этномәдени бірлестіктер:
1. Орыс мәдениетінің этнографиялық орталығы
2. «Дослық» татар-башқұрт бірлестігі
3. «Ватан» түркімен ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігі
4. «Возрождение» немістер қоғамы
5. «Диндалле» қоғамдық бірлестігі
Бірінші сайыстың шарты бойынша әр бірлестіктің көрмесі таныстырылды. Екінші тур бойынша қатысушылар үй тапсырмасы ретінде «Достығы шалқыған шаңырақ» тақырыбында эссе жазып, алдын-ала өткізген болатын. Сол жазылған жұмыстардың қорытындысы осы іс-шарада айтылды. Үшінші турдың шарты бойынша қатысушылар өз орталықтарының атқарып жатқан жұмыстарын «Көптүрліліктегі біртұтастық» тақырыбында слайд-презентация арқылы көрсетті. Сайыстың келесі төртінші кезеңінде қатысушылар «Өз тарихы бар халықтың бағы бар» тақырыбында викториналық сұрақтарға жауап берді. Әр сайыскер қоржыннан нөмірленген асықты алып, сұраққа жауап берді. Әрі қарай сайысқа қатысушылар өз тілдерінде тілек білдірді.
Жиналғандар назарына «Рухани келісім тұғыры» деректі фильмі ұсынылды. Шара барысында «Диндалле» қоғамдық бірлестігінің өкілі Анна Ким корейлердің «Чунгачхум» атты ұлттық биін орындаса, «Дослық» татар-башқұрт бірлестігінің өкілі, Жезқазған қаласы әкімінің «Жыл әншісі» номинациясының иегері Нурия Нигматуллина әсем ән орындап, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді. «Ватан» түркімен ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігінің мүшесі Зухра Абдулаева өнер көрсетті.
Шара соңында музей басшысы Раушан Қапарова мен «Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығы» директоры Бақытжан Көпбаев сайысқа қатысқан этномәдени бірлестік өкілдеріне лайықты номинацияларды және сыйлықтарды табыстады.
Орыс мәдениетінің этнографиялық орталығы – «Рухани құндылықтарды ұлықтаушы», «Дослық» татар-башқұрт бірлестігі – «Дәстүрді жаңғыртушы», «Ватан» түркімен ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігі – «Ұлттық құндылықтарды насихаттаушы», «Возрождение» немістер қоғамы – «Ұйымшыл бірлестік», «Диндалле» қоғамдық бірлестігі – «Шығармашылығы үшін» номинацияларымен марапатталды.
Іс-шара аяқталған соң, қатысушылар естелікке суретке түсті.
Кеш Ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы мен музей бірлесе отырып ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – Қазақстандағы дінаралық қатынастардағы толеранттылық, ұлтаралық және дінаралық келісімнің Қазақстандық модулі, бейбітшілік келісім орнату саясаты туралы түсінік беру.
Іс-шараға Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Мереке Мырзабекова, «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Майра Жолдасбекқызы, Ахмет ишан Оразайұлы атындағы мешіттің наиб-имамы Абылай Сейдахметов, «Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығы» директоры Бақытжан Көпбаев, «Жезказганский приход святого апостола Андрея Первозванного» православиелік шіркеуінің өкілі Онисим, этномәдени бірлестік өкілдері, БАҚ өкілдері және музей қызметкерлері қатысты.