$ 494.87  520.65  4.91

Болмысы бөлек қойылым

Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалы-драма театрының репертуары жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» пьесасымен толыға түсті. Оны жас режиссер Ержан Қауланов қойды.

– Сахнаға шығып көрермен алдында образды сомдау көптің қолынан келе бермейтін өнер. Оны маңдайға бұйырған бақпен теңесе де болар. Пьесаны қою барысында жезқазғандық актерлердің қандай рөл берілсе де құлпыртып жіберетіні мен еңбекқорлығына тәнті болдым. Астарлы ақиқаты мол қойылымды сәтті қойып шығуым біріншіден Серке Қожамқұлов атындағы тетар актерлері мен тұтастай алғанда күллі ұжымының еңбегі. Олар әр дайындыққа асқан жауапкершілікпен келді. Және бірінші күннен-ақ көрерменнің алдында өнер көрсетіп тұрғандай әсерде болды,- деді «Ескі үйдегі екі кездесу» пьесасының режиссері Ержан Қауланов.

Қарапайым қазақ әйелі мен бейтаныс адамның ішкі драмасын беруді көздеген қойылымның басты арқауы – жалғыздық мәселесі. Спектакльдің желісінде бұрын қазақ жерінде тұрып, Саха еліне көшіп кеткен Айтөренің жолаушылап жүріп, өзінің тұрған ескі үйіне келуі, ондағы Зейнеппен кездесуі, бір-бірін жете танымайтын екеудің мұңдарын, сырларын қас-қабақтарынан түсініп, бауыр басуы суреттеледі. Сондай-ақ, спектакльде адамгершілік пен ізеттілік, қос жанның жан дүниелерін қалтқысыз түсінісуі секілді рухани бірліктердің үндесуі ерекше сипатқа ие болған. Басты рөлдегі Зейнепті – Бәтима Әлкенова сомдаса, Айтөренің рөлін – ҚР Мәдениет қайраткері Бақытжан Ибраев, Зейнептің баласы Ертайды Ардақ Жарқынбеков ойнады. Ал елестің бейнесін Қанағат бейсенбай мен Гүлдерай Әлиева шебер сомдап шықты. Жалпы, небәрі төрт кейіпкер арқылы қазақтың тыныс-тіршілігін көрсететін бұл спектакль көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Жас та болса еліміздің әр өңірінде 15 пьесаны қойып үлгерген режиссер Ержан Қаланов Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық академиясын тәмамдап, еңбек жолын Қостанайдағы театрда бастайды. Ал, қойылымдарға режиссерлік етуді атақты Жанат Хаджиевтен үйренді. Өзін алғашқыда режиссер ретінде павлодар қаласында сынап көрген ол қазір Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында режиссер қызметін атқаруда.

–Жақында ұстазым Жанат Хаджиев атындағы ІІ аймақтық театрлар фестивалі өтетінінен хабардармын. Қостанай театры «Өкініш» қойылымын ұсынады. Оған мен режиссерлік еттім. Бұл пьесаға да бүгінгі күннің өзекті мәселесі арқау болған. Сахна төрінен қарттар үйіндегі қариялардың мұңды тағдыры көрсетіледі. Қойылым көрермен қауымның жүрегіне жол табады деген сенімдемін,- деді Ержан Қауланов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары