Мөлдір Әуелбекова жақында ғана күйеуімен ажырасқанын ашық түрде айтқан еді. Өнер иесі экс-жұбайының ұлымен көріспейтінін, тіпті іздемейтінін мәлімдеді. Алайда әншінің дәл осы мәлімдемесінен кейін желіде Мөлдірдің ұлы мен әкесінің ойнап жүрген сәті түсірілген видео тарап кетті. Желіде тараған қауесеттің ақ-қарасын Мөлдірдің өзі ажыратып берді.
Бұл туралы НТК арнасының «Ревю» бағдарламасы хабарлайды.
«Ешкіммен кездеспейді. Ешкім де баланы іздемейді. Солай енді басымыздан өтіп жатыр. Енді мен оны не істеймін? Тағдыр болғаннан кейін көнемін. Балам үшін әрі қарай өмір сүремін!» – деген еді Мөлдір ел алдында жан сырын ақтарған сұхбатында.
Алайда осыдан кейін Instagram-да әкесі мен ұлының кездескенін дәлелдейтін видео жарияланған еді.
«Бір рет сол келген кездегісі. Қашан… былтырғы жылы ғой деймін. Кеткеннен кейін… оның барлығы айтылды ғой. Сол кезде бір рет келген кездегі видео. Сол желіге тарады», – дейді Мөлдір.
Сонымен елді шулатқан видео былтыр түсірілген болып шықты. Ал Мөлдір оны кімнің жариялағанын білмейді. Тек дұшпаным шығар деген болжамы бар.
«Енді әр адамның өзінің жанашыры болады. Дұшпаны болады. Дұшпанның табалауынан Алла сақтасын. Шынымды айтсам мен елеген жоқпын. Халық өзі де біледі ғой, мен көп нәрселерді, мен жайлы негативті ақпараттарды елемеймін», – дейді Әуелбекова.
Мөлдірдің айтуынша, ұлы әкесін көрмейді, білмейді. Қайын-жұрттан да хабар жоқ. Есесіне бүгінде халық Мөлдірге батасын беріп, қолдап отыр.
«Ешқандай өзгеріс жоқ. Халық білді. Қолдап жатыр. Көбіне баталарын беріп жатыр. Біз өзі қазақ халқы кішкене жанашыр болғаннан кейін жандары ашып, көптеген тілек айтып жатыр. Соның бәрі маған керісінше шабыт беріп жатыр», – дейді әнші.