Республикалық неміс драма театры мысты өлкеге гастрольдік сапармен келіп, Серке Қожамқұлов атындағы музыкалы-драма театрының сахнасында үш бірдей пьесаны сахналады. Алғашқы күні жезқазғандық көрерменнің назарына орыстың көрнекті жазушы-драматургы Антон Чеховтың «Апалы-сіңілі үшеу» пьесасы ұсынылды.
А.Чеховтың қай туындысын алып қарасаңыз да адамдарға өмір сүруді үйретеді. Сондай шығармаларының бірі «Апалы-сіңілі үшеу» пьесасында апалы-сіңлілердің де, олардың ағасының да өмірде жолдары болмаған жандар. Тіпті Вершининің де, Соленыйдың да өмірлері мәз емес. Ал, Тузенбах туралы айтудың да қажеті жоқ, өйткені ол шығарма соңында адам қолынан қаза табады. Спектакльдегі барлық кейіпкерлер өзіне жақын жандардан айрылады. Өмірде жолы болған жалғыз Наталья (үш қыздың жеңгесі). Дегенмен, оның да өмірі өтірікке құрылған. Драма оқиғасы губерндік қалада, зиялылар отбасы Прозоровтардың үйінде өтеді. Андрейдің қарындастары, апалы-сіңлілі үшеу: Ольга, Ирина және Машаның бар арманы, басты арманы - өздері туып-өскен Мәскеуге кету. Бірақ, олар қанша орайы келіп тұрса да кете алмайды. Бір кездері Мәскеу университетінің профессоры болады деп үміт еткен ағалары болса отбасының билігін қолына алған әйелі Наташаға жалтақтайды. Спектакльдің негізгі идеясы қандай да жағдай болмасын адам басына түскен қиындықтарға төтеп бере білу керек деген ойға жетелейді.
Ал, балаларға арналған «Щелкунчик» ертегі-пьесасының желісі тіпті бөлек. Сиқырлы ертегінің басты кейіпкерлерінің бірі Щелкунчик – әдемі ханзада. Ол тышқан патшалығының зұлым ханшайымы Мышильданың сиқырымен ағаш қуыршаққа айналдырылады. Щелкунчик тышқан патшасын жеңгенде ғана Ханзаданың сиқыры жойылып, оны керемет сұлу қыз Мари сүйіп қалады. Бірақ, зұлым Мышильда қарап қалмайды, ол Щелкунчикті ұрлап алып шайнап тастамақшы болады. Тек қана Мурр әулеті тышқандарды қорқытып, Щелкунчикті қорғай алады. Осылайша, соңы зұлымдықты ойсырата жеңген жақсылық пен махаббат салтанат құрады. «Щелкунчик» ертегісі балаларды сиқырлы әлемге жетелеп, жамандық атаулыдан аулақ болуға үндеді.
Көрермен жүрегіне жол таба білген республикалық неміс драма театрының жас ұжымы өздеріне көрсетілген құрмет пен қошеметке дән риза болып, Жезқазған сахнасына қайта оралуға сөз берді.