Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Күлтегін» толықметражды анимациялық фильмінің трейлерін жариялады деп жазады ҚазАқпарат.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жарыққа шыққан бұл туынды жалпыұлттық прокатқа қарашаның 22-нен бастап жас көрермендерге жол тартады.
Жас режиссер-аниматор Адай Әбілданың қолынан шыққан аталмыш тарихи анимациялық туынды көшпенді халықтардың басын біріктіріп, Ұлы көшпенділердің дәстүрін жалғастырған түрік қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің жастық шағы туралы баяндайды.
«Күлтегін» фильмі ата-бабаларымыздың жанқиярлық ерлігі, бірлігі мен ауызбіршілігі туралы. Күлтегін - бұл тұтас бір дәуірдің тарихи тұлғасы. Сондықтан да біздің басты мақсатымыз - сол кездегі мәдениетті ашып көрсету ғана емес, сонымен қатар мультипликация арқылы жас көрермендеріміздің тарихқа деген қызығушылығын арттыру, - деді Адай Әбілда.
Жас ұрпақты мейірімді, қайырымды болуға, сонымен қатар Отанды сүюге тәрбиелеуді алдына мақсат қойған режиссер Адай Әбілданың осыған дейін де түсірген қысқаметражды фильмдері көптеген Халықаралық фестивальдерде көрсетіліп, жүлделі орындардан көрінген.
«Өкінішке қарай, бүгінде отандық телеарналар негізінен балаларымызға теріс тәрбие беретін шетелдің мультфильмдерін көрсетіп жүр. Соңғы кездері балаларды мейірімділікке шақыратын мультфильмдер жоқтың қасы. Ол фильмдерде әдемі ашық бояулар да, жарылыстар да, қызықты кейіпкерлер де бар, бірақ ең бастысы - мән-мағынасы жоқ. Бұндай үрдісті тоқтату қажет. Өзімізді ұлттық кейіпкерлеріміз керек», - деді режиссер.