Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына жаңа ректор тағайындалды. Аталған білім ордасының ректоры қызметін енді Асхат Максимұлы Маемиров атқарады хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Мемлекет басшысының Өкімімен Асхат Максимұлы Маемиров Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметіне тағайындалды», - делінген хабарламада.
Асхат Маемиров Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын драма театр режиссері мамандығы бойынша аяқтаған. 2008 жылы Францияның танымал Université Sorbonne Nouvelle Paris 3 университетінде білім алып, Драма өнерінің Париж ұлттық консерваториясында тағылымдамадан өткен болатын. 2010 жылы Ресей театр өнер академиясында (ГИТИС) театр өнері магистрі дәрежесін қорғады.
Еңбек жолын Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында режиссер болып бастады. Құрманғазы атындағы Орал музыкалық колледжінде «Актерлік өнер» бөлімінің меңгерушісі, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнері» факультетінің деканы, Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Актер шеберлігі және режиссура» кафедрасының доценті болды. Шығармашылық жұмыстарынан бөлек, өнертану бойынша философия докторы ретінде ғылыми ізденуіс жұмыстарының шеңбері - заманауи режиссурадағы дәстүр мен жаңашылдық үрдістері, қазіргі заманғы театр өнерінің даму тенденциялары сынды тақырыптарды қамтиды.
Отандық мәдениеттің қазіргі заманғы үздік арт-менеджерлері қатарына кіреді. Еліміздің мәдениет пен өнер саласындағы белгілі ұйымдар – «Қазақстанның рухани қоры» АҚ, «Қазақ әуендері» АҚ жетекшілік етті. 2017 жылы қазақстандық мәдениеттің көш басындағы ең ірі музыкалық ұжымдардың бірі – «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымын басқарды. Елордалық «Астана мюзикл» театрының көркемдік жетекшісі және Қазақстан театрлар ассоциациясының вице-президенті болып табылады.
Асхат Маемировтың шығармашылық қызметі театр өнерімен байланысты. Ол Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Қара шекпен» (Г. Хугаев), М.Әуезов атындағы театрда «Қоштасқым келмейді» (А.Володин), «Ұлым саған айтам» (Б.Беделхан) атты спектакльдердің, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында С.Мұхамеджанвтың «Айсұлу» операсы, «Астана Опера» театрында «Қызжібек» операсын сахналауға ат салысты. Сонымен бірге, «Ромео мен Джульетта» (Ж.Пресгурвик), «Қыз Жібек» (Е.Брусиловский), «Астана» (Б.Ғафу, А.Оренбургский) атты қазақстандық мюзиклдердің қоюшы режиссері ретінде танылды.
Дереккөз: BNews.kz