Елбасының рухани жаңғыру мақаласы аясында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, көрнекті режиссер Жанат Хаджиев атындағы Халықаралық театрлар фестивалі қараша айының 1 мен 4 жұлдызы аралығында жезқазғандықтарға естен кетпестей рухани азық тарту етті.
Тура өткен жылы, осы уақытта аталған фестиваль аймақтықтық болып, алғаш жалауын көтерген болатын. Республикамыздың әр түкпірінен келген өнер тарландары мен қала қонақтарының алдында, салтанатты ашылуында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Жақанұлы Қошанов бұл фестиваль жыл сайын өтіп тұратын болады деп уәде еткен еді. Міне, тағы театр күндерімен қайта жүздесіп, жезқазғандықтар мен қала қонақтарына бұл байқау ауқымы кеңейіп халықаралық деңгейде өтіп, ұмытылмастай үлкен әсер сыйлап, керемет өнер мерекесі айналды. Алыс-жақыннан келген өнер саңлақтары да мысты өңірдің жұртшылығына дән риза болғандарын жарыса айтып жатты.
Сонымен, Жанат Хаджиев кім болған? Ол кісінің жеткен жетістіктері мен бағындырған биіктері жетіп артылады. Өзімізге қатыстысына тоқталар болсам, 1988 жылы Торғай облысы жабылуына байланысты театр Жезқазған қаласына қоныс аударды. Жезқазғанда жаңа театр ашылып, Жанат Хаджиев бас режиссер ретінде абыройлы, жемісті қызмет атқарды. Жезқазған театрын шартарапқа даңқын асырды. Үлкенді-кішілі сахналарда талай қарсыластарын тізе бүктіріп, қанжыға майланып, сан рет олжамен оралды. Бүгінде ел аузына жүрген «шалғайдағы емес – маңдайдағы» театр деген атқа әбден лайық болды.
Марқұм Жәкең театр сахнасында 100 ден астам қойылым қойған театр тарланы. Отандық және шетелдік классиктердің көптеген шығармаларын мінсіз сомдаған. Жанат Хаджиевтің барлық қойылымдары өзіндік ерекшеліктерімен, нақтылығымен және шынайы әрі, өміршеңдігімен құнды. Режиссердің қазақ театр өнеріндегі сахналық көптеген көркем дүниелері жоғары бағаланып, көрермендерінің шексіз құрметіне ие болған, өлшеусіз үлес, ерен еңбек сіңірген дара дарын. Жезқазған қаласындағы Серке Қожамқұлов атындағы қазақ сазды драма театры Халықаралық фестивальге жан-жақты айрықша дайындалғаны алыстан атойлап-ақ тұр. Театр алдына қазақи ақшаңқан киіз үй тігіліп, Қаныш Сәтбаев атындағы алға қызыл кілем төселіп, өнер сүйер жиналған қауымның қарасында шек жоқ. Ұлттық киімдегі сұлу қыздар ұстаған фестивальге қатысушы әр театр атауларының өзі көздің жауын алады. Жиналған жұртшылық алдымен «Елім менің» хореографиялық композицияны тамашалады. Ауқымды іс-шараны жүргізушілер екі тілде яғни, қазақ және ағылшын тілінде қонақтарды құрметпен қарсы алып, оларға рухани қолдау танытты.
Бұл жолғы фестивальдің басты қонақтары Франция, Сербия, Қытай Халық Республикасының театрлары екенін мақтанышпен айтсақ артық болмас. Өнерде шекара жоқ деген осы болар. Фестивальге қатысушы театрлар мен құрметті қонақтар шеруі театр ғимаратына құрметпен шақырылды. Олар алдымен театр фойесіндегі театр мұражайы және фойедегі экспозициямен таныстып, таңданыстарын жасыра алмады. Серке Қожамқұлов туралы деректі фильм тамашалағаннан кейін фестивальдің салтанатты ашылуы болды. Жиналғандарды Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Мүлікұлына Ағымбаев, Мәдениет қайраткері Рымбала Кенжебалақызы Омарбекова ізгі лебізін білдіріп, облыс әкімі Ерлан Қошановтың құттықтауын оқып берді.
Театрдың іргетасын қалаушылардың бірі, Жанат Әубакірұлы Хаджиевтың жұбайы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Рашида Хаджиева және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Абай атындағы Ұлт сыйлығының тұңғыш иегері, ақын Ғалым Жайлыбай іс-шараның мән-маңызына терең бойлап, құттықтап сәттілік тіледі.
Бұл жолғы өнер сайысына еліміздің әр өңірінен және сырт елдерден аузымен құс тістеген театр ұжымдары бақстарын сынады. Олардың қатарында «M-A.S PRODUCTIONS» Франция театры, Хэнань Юй жастар лигасы Қытай Халық Республикасынан, Сербиядан Ужице Ұлттық Театры, Елордамыз Астанадан «Жастар» театры, Алматыдан Республикалық неміс драма театры, Қостанайдан І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры және Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры.
Өнер байқауына төмендегі өнердің жілігін шағып, майын ішкен майталмандар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана Жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай (төраға), Қазылар алқасының мүшелері, серб жазушылар қауымдастығының вице-президенті, театр сыншысы Снежана Кутрицки, Г.Камал атындағы Татар мемлекеттік Академиялық театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі,театр сыншысы Нияз Игламов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті, өнертану кандидаты Меруерт Жақсылықова және Қазақстан Республикасының халық артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досжан Жанботаев қазылық етті. Сондай-ақ, айтулы дүбірге С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының басшысы Сансызбай Нұрсияұлы Бекболатов, Қарағанды облыстық академиялық музыкалық-комедия театрының басшысы Амантай Темірбайұлы Ибраев, Қарағанды «Кеншілер» сарайының көркемдік жетекшісі Жомарт Жақыпұлы Әбілтаев, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Арман Темірбекұлы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бишілер тобының концертмейстері Гүлсана Әскербекқызы Енкебаева сынды құрметті қонақтар қаламызға арнайы ат байлады.
Фестиваль шымылдығын Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры Алаштың ардакүрең ақыны Ғалым Жайлыбайдың нәубет жылдарды баяндайтын, жүрекке мұң, көзге жас үйірген «Қара орамал» поэтикалық драмасымен ашып, көрермендердің қошеметіне бөленді. Айта өткен абзал, драманың қоюшы режиссері, талантты жерлесіміз Теміржан Жанботаев.
Спектакльден соң Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошановтың атынан ықылас гүлі әкелінеді. Жұртшылық одан кейін, Республикалық неміс драма театры сомдаған А.Чеховтың «Апалы-сіңілі үшеу» психологиялық драмасын тамашалады.
Ұлытау - Жезқазған аймағын төрт күн дүбірге бөлеген театр фестивалі осылайша мәресіне де жетті. Қазылар алқасы ақылдасып шешім шығарғанша еліміздің әр өлкесінен келген Астана, Талдықорған тағы да басқа өнер жұлдыздары мен Тайжан Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясы артистері кермет концерттік бағдарлама ұсынды. Халықаралық және республикалық конкурстарының лауреаты Ардақ Мұқышевтың орындауында Біржан Салдың «Жамбас тас», Жаяу Мусаның «Сұрша қыз» орындаса, «Алтын орда» халық аспаптар ансамблі Ержан Тоқпановтың «Сыр толғауын», Республикалық жас орындаушылар байқауының лауреаты Әсем Жұмағазинаның орындауында Латиф Хамидидің «Қазақ вальсін», құрметті қонағамыз Жамбыл Жабаев атындағы Қазақтың Мемлекеттік филармониясының әншісі, Халықаралық байқаулардың лауреаты Береке Енкебаева Қарагөз Гасимова «Көк бөрілері» мен Латиф Хамидидің «Бұлбұлын» тамылжыта орындап көрермендеді бір серпілтіп тастады.
«Алтын орда» Халық аспаптар ансамблінің домбырашылары Есмағанбет Бақытжан мен Бекзат Достиярованың күй тартысы нағыз өнер шыңын көрсетті. Ал, танымал жас әнші Сағымбай Мәлібеков жерлесіміз әнші – композитор Жақсыкелді Сейіловтың «Ұлытау» әнін орындағанда залдағы жұрт орнынан тік тұрып кошемет көрсетті. Әнші Береке Енкебаева орындауындағы Г.Домицетти «Ария Лючии» из оперы «Лючия де Лямермуд» әні, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының артисі Альфира Ақтаеваның орындауындағы «Консуэло Бесамэ Мучо» мен Парижский микс шығармалары фестивальдің мерейін одан сайын аспандатқаны анық.
Төрт күнге созылған өнер бәйгесінде республиканың әр өңірінен және алыс-жақын шет елдерден келген театрлардың бәйгесінде жүзден жүйрік шығып, оза шапқандарда анықталды. Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Жұманазарқызы Ақылбекова шақыртуымызды қабыл алған, фестиваль қонақтарын тағы бір мәрте құттықтап, баршасына шығармашылық табыс тілеп, шексі алғысын жеткізіп, марапат рәсімін жасады.
«Өзекті тақырыпты көтергені үшін» - Франция «M-A.S PRODUCTIONS» театры, «Ең үздік ер ролі үшін» - І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының артисі Олжас Бегайдаров «Шал» ролі үшін, «Үздік дуэт үшін» - Сербиядан келген Ұлттық Ужице театры, «Үздік режиссура үшін» - С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының режиссері Т.Жанботаев, «Жанат Хаджиев атындағы үздік актерлік ансамбль үшін" – Астана Жастар театры иеленді.
Қарағанды облыстық маслихатының депутаты, өнердің жаңашыры, мәрт меценат Бекзат Қомарұлы Алтынбеков «Ұлттық театр дәстүрлерін сақтағаны үшін» номинациясын Қытай Халық Республикасынан келген Хэнань Юй жастар лигасына ұсынды. Халықаралық фестивальдің жоғары деңгейінде өтуіне қолдау көрсетіп, қолдау танытқан Қарағанды облысының әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Жезқазған каласы әкімдігі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен жалпы барша демеушілерге Серке Қожамқұлов атындағы қазақ сазды драма театрының айтар алғыстары шексіз.
Ізтөлеу ТҮСІПОВ