Киелі сахнаның қыр-сырына қанығып, көкірек көзі ашық сан мыңдаған көрерменнің көңілінен шығарлықтай образды нанымды етіп бейнелей білу – актердің ерен еңбегінің, тынымсыз ізденісінің жемісін көрсетсе керек.
Сонда ғана зал толы жұрт өре түрегеліп қол соғатын қошеметке ие болары хақ. Тумысынан театрға бүйрегі бұрып, сүйіп таңдаған мамандығына ерекше ықылас-пейіл таныта білген Болат Әбділмановты бұл жолда бағы жанған деуге әбден лайық. Себебі ол, қазақ өнерінің марқасқасы, әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің «Абай» трагедиялық қойылымында басты рөл – хакім Абайдың бейнесін сомдап, табиғи дарынының арқасында актерлік өнердің биік шыңына шықты. Талантына талайлар бас иді, шынайылығы үшін Абайды сүйгендей сүйді. Талғамы биік көрерменінен лайықты бағасын да алды.
Бүгін біз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, танымал актер Әбділманов Болат Мәзімбайұлымен осы төңіректе бөліскен ойымызды оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
– Болат аға, дәстүрлі сауал болғанымен де, қарағайдай қалың оқырманның сіздің өнерге келу баспалдақтарыңыз жайында білгісі келері анық. Сол себепті де, әңгіме тиегін әріден бастасақ қайтеді?
– Қасиетті Жетісу жері талай дүлдүлдердің, бұлбұлдардың кіндік қаны тамған киелі топырақ болса, мен де арынды Ақсудың бойындағы Қаракөз-Теңқарын ауылында қарапайым қойшының жалғыз ұлы боп ержеттім. Ақшұнақ, Аманбөктер, Талды, Қараүңгір сынды алып таулардың баурайында маңдайымызды саумал самалға сүйгізіп, сан мың гүлдің хош иісін құмарта жұтып, еркін даланың ерке ұлы боп есейдік. «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, масатыдай құлпырар жердің жүзі» деп, ұлы Абай суреттейтін жаздың қызығына қанбай, табиғаттың ғажайыбына бала күнімізден таңданып өстік. Бала шағымнан ертегі, қиса, дастандарды, батырлар жырын жастана оқуға машықталдым. Көз байлана малын қоралап біткен төңіректегі екі-үш шопан жиылып кешкі ас ішеді. Бір таңғаларлығы, үй іргесі алшақ болса да бөлініп-жарылмай бір қазаннан тамақтанатын еді. Сөйтіп, жиылып алып май шамның жарығымен ұзынсонар әңгіме-дүкен құратын. Арасында «Мәкеңнің баласы бізге не оқып берер екен?» деп сөз басын маған бұратын кездері де көп болатын. Сонда мен «Алпамыс», «Қобыланды» батыр жырларын жатқа ғана оқымай, бірде батырдың бейнесіне, енді бірде, мыстан кемпірдің кейпіне ене дауыс ырғағын өзгертіп, соған лайық іс-қимыл жасаймын. Кішкентай өнерімді тамашалаған кісілердің «ойпыр-ай, ой, пәлі-ай» деген қошеметтері тіптен арқаландырып, келер жолы одан да керемет көрсетуге талпынатынмын.
Мектепте Әбіл Кенжебеков деген ұстазымның көмегі көп тиді. Өзі де өнерге жақын, ауылдық радиодан хабар-ошар оқитыны бар еді. Осы кісі «Дәрігер Айболит» атты театрландырылған қойылым қойып, маған аюдың рөлін берді. Қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының талантты актері Райхан Халиолдина қоянды сомдағаны есімде. Сондағы белсенділігіміз үлкен өнердің кішкентай баспалдақтары екенін ол кезде білдік пе? Ауыл клубына облыстық, аудандық халық театрлары келіп, танымал әртістер өнер көрсететін. «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Өмірсерік Қалиевтің өнеріне қанып өстік. Белгілі режиссер Сәулебек Асылхановтың «Алтын бесік» спектаклі әлі күнгі есімде. Райымбек ауданынан Нағима Таласбаева сынды талантты апамыз бастап келетін театр ұжымының «Досымның үйленуі» атты қойылымын жақсы қабылдайтын көрермендер.
1978 жылы Алматы мемлекеттік театр, көркемсурет институтының алғаш ашылған актерлік факультетіне Асанәлі Әшімов, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Асқар Тоқпанов сынды мүйізі қарағайдай өнер тарландарының сынынан сүрінбей өткен 24 бала қабылдандық. Олардың қатарында марқұм боп кеткен Сағи Әшімов, Қыздығой Ысқақова, Кенжеғали Қожахметов, Абзал Жағыпаровтармен қатар, бүгінде өнерімен есімі елімізге кеңінен таныс Гүлжанат Оңалова, Жанат Байжанбаев, Шынар Берсүгірова, Дана Әшімова, Сәкен Рақышев, Жібек Бектемірова, Ақыш Омаров, Алтай Сәтібеков, Бақыт Исабекова, Болат Түлкібаев, санамалай берсек саусақ жетпейтін талантты қыз-жігіттер студенттік өмірдің қызығын бірге өткердік.
– Жастық жалыныңызды Ғабит Мүсірепов атындағы жастар театрына тарту еткеніңіз ел есінде.
– Ол жылдары бұл театрға белгілі режиссер, «поэтикалық спектакльдердің атасы» атанған Қазақстанның халық әртісі, еңбек сіңірген өнер қайраткері Райымбек Сейтметов басшылық жасайтын. Онда Сталиннің, Фрунзенің рөлдерін сомдадым. Алғашқы режиссерім Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғанат Жақыпбаев ағамыз болды. Шекспирдің «Дуал түңгі думан», Дулат Исабековтің «Анасын аңсаған қыз», Әділбек Таласаровтың «Сен жанбасаң» атты спектакльдері сахналанып, басты рөлдерде ойнадым. Бұл театрда актерлік өнеріміз ұшталып, сахна шебері болуға қалыптастық.
Тәжірибеңіз толысқан шақта ауыстыңыз ба, «әкемтеатрға»?
Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов басшылық жасаған Мұхтар Әуезов театрында 1993 жылы Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы қойылып, басты рөл – Петручионы сомдауға шақырылдым. Қазақ өнерінің қарашаңырағында еңбек ету әркімнің-ақ арманы, мақсаты. Сол себепті де, «үлкен шаңыраққа» ауысуға өзім де ниет етіп жүргенмін. Осы ойымды дөп басқандай аталған қойылымға шақырылдым. Ол рөлді кезінде Шәкен Айманов ойнаған екен. Байқауға атақты актерлер Тұңғышбай Жаманқұлов, Құман Тастанбеков, Досқан Жолжақсынов, Төлеубек Аралбаевтармен қатар, ең жас актер ретінде мен де бағымды сынап көрмекке ниеттендім. Ол шақта аталған кісілер өнер жұлдыздары. Қатардан қалмайын деп жастық күш-қуатымды сарп ете жұмыс істедім. Рөлім сәтті шығып, жұмысқа қабылдандым. Бұдан бөлек Ә.Мәмбетовтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» Қодарды, «Айман-Шолпанда» Арыстанды, сондай-ақ, «Эдип патша», тізбелей берсек, үлкенді-кішілі 100-ге жуық қойылымға қатысып, көрермендерімізді қуантыппын.
– Ал «Абайға» келуіңіздің де өзіндік сыры бар шығар?
– 2001 жылы Әз-ағамыздың 70 жылдық мерейтойы ауқымды түрде аталып өтті. Ел Президенті қабылдап, құрмет көрсетті. Театр саласының дамуына өлшеусіз сіңірген еңбегі еленіп «Халық қаһарманы» атағын алды, «Отан» орденімен марапатталды. Сонда Елбасы: – «енді не арманыңыз бар?» деп сұрағанда: – «Алматыға барып, Мұхтар Әуезовтің «Абай» спектаклін қойсам», – деген бірауыз өтініші қабылданып, 2002 жылы араға 40 жыл салып «Абай» қойылымы қалың елі – қазағымен қайта қауышты. Сол уақытта «Абай» спектаклінің сахналанғанына 40 жыл өткен екен. 1962 жылы менің ұстазым Ыдырыс Ноғайбаев жасапты ұлы Абай бейнесін. Бұл жылдары мен де 40-ты еншілеп, толысқан шағым. Десе де, өзімді данышпан Абайды бейнелейтін деңгейге жеттім деп санамағанмын. Дей тұрғанмен, Абай бейнесімен алғашқы кездесуім емес еді. Жастар театрында жүргенімде Райымбек Сейтметовтің «Қалың елім, қазағым» поэтикалық спектаклінде төрт кезеңнен тұратын ақын өміріндегі «аға Абайдың» рөлін сомдағанмын. Сол кезде ақынның образына еніп кетпегенмен, бейнесімен ұшырастым, өлеңдерін, қара сөздерін оқыдым. Жауапкершілігі жоғары спектакль алдындағы кішігірім дайындықтан өткендей болыппын. Ал М.Әуезовтің «Абай» трагедиясының жүгі орасан зор екендігін жүрегіммен ұғындым. Осы қойылым боларда көп адам қызығушылық білдіріпті, «Абайдың рөлін кім ойнайды?» деген сауалға, Әз-ағамыз менің ойнайтыным жөнінде айта бермейтін көрінеді. Нәтижесін көргісі келгені болар. Премьерасы біткеннен кейін ғана «бұл спектакльді Әбділмановқа арнап қойдым» депті.
Қаймана қазақтың ғана емес, шығыстың ғұламасы атанған хакім Абайдың бейнесін нанымды ойнай алғандығымның жемісі шығар, 2002 жылы театр фестивалінде «Театрдың ең үздік актері» номинациясы бойынша жеңімпаз атандым. Көрерменнің ыстық қабылдауынан бөлек, ол туралы жазушы-драматург Дулат Исабеков, ғалым-зерттеуші Ақселеу Сейдімбеков, театр сыншысы Әшірбек Сығай республикалық басылымдардан «нағыз жыл актері» деген жоғары баға беріп жатты. Театр сыншылары «Абай» рөлінде ақынның бүкіл антропологиялық кескін-келбетін, ішкі жан дүниесін, күйзелісін айнытпай алып шықты» деп бағалады. Осыдан бастап театр актері ретінде көрерменнің ықыласына бөлендім, сыншыларға тереңдей таныла бастадым. Актерлік өмірімде үлкен белеске көтерілгенімді сезіндім. Сондықтан да, Әуезов театрындағы мен қатысқан басқа спектакльдер бір төбе болса, «Абайым» бір төбе боп қалғаны ақиқат.
– Хакім Абайды ашуда қандай ізденістерге бардыңыз? Образды ашу үшін шеберлікпен қоса, көп оқу да керек емес пе?
– Фарида Шәріпова апамыздың «Әбділмановтың Абайды сәтті шығаруына, образды ашуына поэзияны сүйетіндігі сеп болды» деп сұхбат бергені бар. Менен бұрын да Абайдың рөлінде ойнаған танымал актерлер баршылық. Олар да Абайды әр қырынан бейнелеген. Мәселен, Қалыбек Қуанышбаев – Абайды ойшыл, философ ретінде сомдаса, дәріс алған ұстазым Ыдырыс Ноғайбаев – ақынды күрескер ретінде ойнаған деп бағалапты сыншылар. Ал мен ойнағанда халқына жақын ақынның ішкі сезім толқыныстарына жете мән беруге тырыстым. Айталық, қоғамдағы қайшылықтардың, тіпті, жеке бастың қайғысы да ақын жүрегіне жай адамға қарағанда екі-үш есе артық салмақ түсіреді. Абайдың «мен ішпеген у бар ма?» деп күйзелуі соның дәлелі. Рөлді алып шығарда жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» деген шығармасын оқыдым. Сонда «заманының қалыбына сыймаған ұлы адамдарға у беріп өлтірілетіндігі, соны пайымдаған ақын да сұрқия заманның құрбаны болған шығар» деген қаламгер ойы мені қатты толғандырды. Осындай дүниелер ішкі жан тебіренісіне түрткі болады. Ақын бейнесін сомдаудағы осы бір градус, темперамент, ішкі жан күйзелісін сезінуі, философиялық жағынан гөрі, адам ретіндегі қалпын танытуға итермеледі. Қолына кітап ұстаған ескерткіш сияқты Абайды көрермен қалай қабылдайды, қабылдамауы да мүмкін. Өйткені, көрермен қазір көреген. Әлемнің озық театрын көріп отыр, талғамы биік. Осы себепті, көрермен жүрегіне жетіп, әсер етуі үшін ішкі толғаныстарға ерекше мән бердім. Қойылым барысында сахнадан шығып залдағы көрермен ортасына кіріп кетіп ойнайтын тұстарым бар. Сонда әр жанарға Абайдың тірі қалпын ұялатуға тырыстым. Оған театрдың «әкесі» атанған Әз-ағаның сіңірген еңбегі орасан зор. Әсіресе, өлім аузында жатқан ет бауыры – баласымен қоштасуы ауыр да болса өте сәтті шықты. Қазақ үйдің керегесін қаймана қазақтың қасіреті деп бейнелеген режиссер, соны алға қарай ышқына итеріп, күңірене мұңын шағуы арқылы ақын басындағы трагедиясы суреттелетіндігін жеткізді. Осы күнге дейін сол эпизодты жүрегіммен сезініп, сүйсіне ойнаймын. Басқа қойылымдарға қолдануға тырысамын. Осындай ізденістердің жемісі актерді биікке көтереді, қанаттандырады.
– Абай қазақтың енжарлығын, жалқаулығын, мінездегі кемістігін өткір сынға алды. Театр актерді тәрбиелейді десек, қазақтың бас ақынын ойнау арқылы бойыңызға қандай қасиеттерді сіңірдіңіз?
– Ол рас. Әр рөлдің актерге берер тәрбиесі болады. Мен өз-өзіме баға берер болсам, сәл сабырсыздау, қызбақанды адаммын. 40 жасқа дейін «шалқайғанға – шалқаю, еңкейгенге – еңкею керек» дейтінмін. Біреу байқамай аяғымды басып кетсе, соны жауапсыз қалдырмауға ұмытылатынмын. «Абай» қойылымынан кейін менің өмірімде, әсіресе, мінезімде үлкен өзгеріс болғанын байқадым. Қай нәрсені болмасын ақылға жеңдіруге, сабырлы болуға тырыстым. Өйткені, Абай өлеңдерінде, қара сөздерінде жүрек пен сабырлылық мәселесін көп сөз етеді. Ер-азаматқа керегі де осы сабырлылық. Өмірде орын алатын, ағайын-туыс, қатарлас, әріптестен келетін келеңсіздіктерге мейлінше кеңдік танытып, кешірімді болуға, философиялық тұрғыдан қарауға үйрендім. Яғни, Абай айтқандай «Жүректің көзі ашылса, хактің түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, адамның хикмет кеудесі». Абайдың «іштегі кір» дегені – кек, ыза. Осыдан арылса, жүрегіне жылылықтың сәулесі түсіп, Алланың рахымына бөленетіндігі айтылады. Қазақтың «таспен атқанды аспен ат» деген философиясы осыған саяды. Жамандық тілейтін жауыңа да мейірім таныту абзал. Кешірімді болу арқылы – көңілі кірден тазарып, жаны жақсылыққа толады. Ондай адамның өмірде жолы болғыш келері сөзсіз. Абай образы мені осындай нәрселерге үйретті, сабырлы болуға тәрбиеледі.
Қазір байқасаңыз, жастар миллиондап қаржы тапқысы келеді, оған шама-шарқы, өресі жете ме, жетпей ме, ол мәселе көп ойландырмайды. Еңбекақысы аз жұмысты және менсінбейді, шетінен жұмсақ орынтақта отырғысы келетіндер де жетіп артылады. «Өзбек пен қырғыз болмаса біздің зәулім құрылыстар қалай тұрғызылатын еді?» деп те ойланатын болдым. Ұлы Абай қазақ халқының данышпандығын мойындай отырып, мінездегі осындай кемшіліктерін сынға алды ғой. Күйінген ақын:
«Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап –
Бұларды керек қылмас ешкім қалап.
Терең ой, терең ғылым іздемейді,
Өтірік пен өсекті жүндей сабап», – деп жырлайды. Бүгінгі қоғамның бейнесі тұнып тұр өлеңдерінде.
Шетімізден мақтан сүйетініміз де онша абырой әпере бермейді. Әсіресе, өнер адамдарының бойынан жиі көрініс тауып жатады бұл мәселе. Ақын тағы бір өлеңінде айтады ғой:
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуіре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап». Сондықтан адам өз еңбегіне сеніп, мақтаннан гөрі сыни көзбен қарап, жетілдіре түссе табыстың таудай биігіне шығары хақ. Ол үшін білім мен ғылымнан қол үзбеу қажеттігін жазып кетті.
– Қазір де Абайды оқисыз ба?
– Хакім Абайдың өлеңдері мәңгілік рухани мұра. Оны қай жаста да қайыра оқу артық етпейді. Жас деңгейіңе қарай оқыған сайын философиялық мән-мағынасын тереңдеп ұғына түсесің. 40 жаста оқыған Абайды 60-та оқу өзгеше ой салады. Абайды ақын, сазгер деп қана қарау аздық етеді, ол адамзаттың рухани айнасы, қоғам қайраткері.
Абайдың қара сөздерінде ақыл мен қайратты бағындырған жүрек мәселесі көп қозғалады. Ол да тегіннен туған ой емес. Дүниені жүрекпен сезініп, адамдардың бір-біріне аяушылық танытуы айналаны мейірімге бөлейді. Мейірім ортайған мына заманда Абай өлеңдерін жастар санасына сіңірудің маңызы зор болмақ. Ұлы ақынды оқу арқылы жүрек көзін аша білген адамның айналасымен қатар, қоғамға да тиер пайдасы арта түсері анық.
– Абайдың көңілі құлазығанда өлеңді ермек етті, ал Әбділманов ше?
– Заманның жүгін арқалаған Абайдың жүрегіндегі салмақ пен көңіліндегі шермен салыстыруға болмас, дей тұрғанмен де, табиғатпен сырласып, оңаша қалғаннан артық жаныма жақын нәрсе жоқ. Кітап оқитыным бар. Үш жылға жуықтады қаланың қым-қуыт, аласапыран шуынан жырақтап, Үшқоңырдың баурайындағы Жандосов ауылына қоныс аударып кеттім. Себебі, адам өзін-өзі сақтау керек. Әрине, бәрі бір Алланың жазуымен деген күнде де, өзін-өзі күту, ауыр ойлардан арылу – адамға сергектік сыйлайды. Қалың көрермен, киелі сахна, көркем кино үшін керек болғандықтан өнер адамына денінің саулығы мен рухани толысып отыруы шарт. Жас ұлғайған сайын образды ашудағы шеберлігі шыңдалғанмен, физикалық күш-қуаты жетпей қалуы мүмкін.
– Яғни, актер де спортшы сияқты үнемі дайындықта жүру керек пе?
– Алла берген сыртқы пішіні мен пластикасы, қас-көзінің қимылы, қозғалысы, тіптен аяқалысы актердің шеберлігін көрсетеді. Жалпы, мен актер мен боксерді бір-бірінен бөле жармаймын. Шаршы алаңға шыққан былғары қолғап шеберіне қарсыласын жеңу үшін батылдықпен қоса, әдемі қимыл-қозғалыс керек. Актер де сол сияқты іс-қимылы арқылы талай дүниеден хабардар етеді. Мысалы, кезінде театр майталмандары Әнуар Молдабеков, Асанәлі Әшімов, Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөриндер сахнада сөйлемей-ақ, сонау шетінен беттеп келе жатқан бойда не айтпағын аңғартатын. Міне, қозғалыс шеберлігі деген осы! Кей сәттерде аяғын көтере алмайтын актерлерді көргенде көңілдің құлазып қалатыны бар.
– Көргені мен түйгені мол аға ретінде жас актерлердің қандай кемшін тұстарына қынжыласыз?
– «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дейді ұлы ақын. Қашанда алдыңғы толқын ағалар кейінгі толқын інілерге көңілі толмаған ғой. Атағы таудай актерлерді көргенде «кемшілігімді байқатып алмайық» деп қымсынатын едік. Шатасып қалмауға тырысып, күн-түн демей ізденетінбіз. «Турасын айтқан туысына жақпайды» деген, жастар жартылай дайындықпен келеді, сөзінен жаңылып жатады. Кешігіп келетін де бар. Кешігу – менің табиғатымда жоқ қасиет. Бір рет кешігуге бой алдырған адам – өмір бойы кешігіп жүретін болады. Кәсіби актердің «А» пунктіне кешікпей келу жазылу керек! Содан кейін рухани толық адам ешуақытта қиындыққа мойымайды. Осы күнгі жастардың болмашы нәрсеге күйзеліп, бақытсыздықты басына жиып алып, өзіне-өзі қол салуы – осындай әлсіздіктің салдарынан туындайды. Ойшыл Абайдың айтатыны бар ғой:
«Жамандықты кім көрмейді,
Үмітін үзбек қайратсыздық.
Қары қалың, қатты қыстың артынан,
Көгі қалың, көлі мол жайдары жаз келмеуші ме еді?», дейді. Өмір мен өнер күрестен тұрады.
Сахнадан жырақтап қалған жоқсыз ба, сағынатын сәттеріңіз бола ма?
Кино саласына атбасын бұрғалы біраз жылдар өтіпті. Менің өнердегі тұсауымды кесіп, халыққа танытқан театр болғандықтан, оған құрметім ерекше. Сахнадан мүлдем қол үзіп кеткен жоқпын. Театрларға жиі шақыртулар алып тұрамын. Негізінен, тұрақты түрде киноға түсіп жүргенімді көрермендерім жақсы біледі. Соңғы он шақты жылда 50-ден астам киноға түсіппін.
– Кинода Абайды сомдауға шақырса, қабыл алар ма едіңіз?
– Ел басшысының айтқан сөзі бар: «Абайды таныту арқылы бүкіл әлемге қазақ халқын танытамыз» деген. Ерте ме, кеш пе, міндетті түрде Абайдың өміріне арналған кино түсірілу керек. Енді бес жылдан соң 175 жылдығы аталып өтеді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дейтін Абайдың имандылыққа ұйытып, бүкіл жақсылықты жүрегімен сезіндірген асыл бейнесін сомдауға өнер тарландарының қай-қайсы да ниетті. Ұсыныс түсіп, шақырылар болсақ, құба-құп.
– Жуырда қандай кинолардан көре аламыз?
– Осы жылдар ішінде 50 шақты фильмге қатыссам, биылдың өзінде менің қатысуыммен түсірілген 6 көркем фильм көрерменге ұсынылмақ. Атап айтсам, Шәкен Аймановтың 100 жылдығына орай жас режиссер Қанағат Мұстафиннің «Он алты қыз» атты комедиясы көрерменге жол тартады. Онда Генералдың рөлін сомдаймын. Екіншісі, Ақан Сатаевтың «Анаға деген сағыныш» фильмінде Ералының бейнесін ойнаймын. Үшіншісі, 24 сериялы «Жарық» деп аталатын туындыда Қасымның бейнесі. Орта Азияда теңдесі жоқ «Мойнақ» ГЭС-і туралы фильм түсіруді Елбасы өзі тапсырған болатын. Сондай-ақ, НТК арнасының Ресей актерлерімен бірігіп түсірген сериясы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілетін 10 сериялы көркем туындыдан көре алатын болады.
– Оқырманға айтар тілегіңіз бар ма?
– «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоғынан азады», дейді Абай 14-қарасөзінде. Білмегенін сұрап, білгенін көппен бөлісіп жүрген жаннан жаман адам шықпайды. Ізімізден ілескен ұрпақтың ұлтымыздың болашағына берер пайдасы мол болсын деп тілеймін.
Ашық-жарқын әңгімеңізге үлкен алғысымды білдіремін, еңбегіңіз табысты болсын, аға!
Сұхбаттасқан – Ұлбосын Исабек