$ 444.32  473.33  4.76

Ж.НӘЖІМЕДЕНОВ: «... ӨЛСЕМ, ТІПТІ, МЫҚТЫ БОЛАМ-АУ ДЕЙМІН»

Заман өзгерді. Бүгінде біреуге біреу қанша жерден мұқтаж боп бара жатса да ақ қағазға маржандай төгілдіріп, хат жазып жатпайды. Іздеген адамыңды дүниенің қай түкпірінде жүрсе де ұялы телефоныңмен тауып ала қоясың. SMS-іңіз жеделхаттан да жылдам. Ғаламтордың мүмкіндігі ғой, тіптен шексіз. Алайда, кешегі хаттардан, мейлі, оны кім жазып отырса да, ең алдымен жүректің лүпіліне дейін, беттің лып ете қалған қызылына дейін сезілуші еді. Енді міне, технология барынша дамып, есесіне адам сезімі соншалықты жұтаңданып бара жатыр...

Күнделік жазудың да жайы солай. Күнделік толтырып отыру дегеніңіз дегдар таланттардың өмірінің ажырамас бір бөлігі болатын. Олар шығармаларына ендіре алмаған ойларын сыналап күнделікке кіргізіп жіберу арқылы-ақ оқырмандарының рухани сұранысын қанағаттандыруға күш салатын. Жұмекеннің, Мұқағалидың, Герағаңның — Герольд Бельгердің, Асанәлі Әшімовтің күнделіктерінің көркем шығармаларға бергісіз болып келетіні содан.

Туасы, күнделік дегенді оны толтырушы адамның бір күнде атқарған, көрген-білген, істеген-істемеген шаруаларының хатқа түскен көшірмесі деп қана ойлау жаңсақтық. Күнделік дегеніңіз — рухани әлем! «Кешегілердің күнделікке жазғанын түрлі әлеуметтік желілерден жеке парақша ашып алып, жаза бермейсіз бе, Сізге кім бөгет жасайды?» дейсіз бе? Сөзіңіздің бір қатесі жоқ. Солайына солай. Бүгін әлеуметтік желілерде отырып, тіпті саясат жасап жіберуге де болады. Және ондай талпыныстар да жоқ емес. Алайда, интеллект деген мәселе болады... Іздейтініміз және көбінде таппайтынымыз сол ғой.

Биылғы шілдедегі бітірген шаруамыз Жұмекен Нәжімеденовке қайта айналып соққан жайымыз бар. 2012 жылы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген жеті томдығымен былтыр танысқанбыз. Жиырма шақты күн болды, соны қайта ақтарып-төңкеріп жатырмыз. Жұмекенге әр оралған сайын жаңа бір әлемге кезігесің. Мәселен, күнделіктері. Былтырғы әсеріміз басқаша сияқты еді, күні кеше басқа Нәжімеденовпен жолыққандай болдық. Пенде Нәжімеденовтің өзінен Ұлы Нәжімеденовті оп-оңай тауып аласыз. Бізге нанбасаңыз, мына жолдарға назар аударып көріңізші:

Жалпы, маған кез келген (әрине, өз размерімнің) бәтіңке шақ келуге тиіс еді. Заурядный  адамдарға размер таңдаудың (размер ішінен размер таңдау деген мағынада) қажеті бола бермейді деуші еді. Мен өзімді жай кісілердің (ептеп қабілетім болуы мүмкін) қатарына қосам. Егер, аяқкиім таңдау, бәтіңкенің ішінен (арасынан) бәтіңке таңдап кию адамның өзіне ғана тән қасиеттеріне (личность деген мағына) байланысты болса мына адамдарға ешбір елдің стандарты (размері) сай келмес еді: Гомер, Данте, Шекспир, Байрон, Петр I, Наполеон, Маркс, Ленин, Ньютон, Абай, Маяковский, Махамбет, Тәуке хан. Тым асыра сілтеп жіберген жоқпын ба? Нешауа! Әбілхан ағам айтқандай, айтылып кетті. Я думаю, Байронға арнап (көп ақын соның жеңінен түсті ғой), етік тіккен, не Маяковский үшін әйтеуір киім жасаған адамға...ией, солар да кімге не қызмет көрсетіп жүргендерін білді дейсіз бе! Так что, кез келген инструктордың аяғына дәл келген аяқкиім маған да үйлесуге тиіс еді. Қалай дегенмен, инструкторға қарағанда аяғымның ептеген айырмашылығы болуы керек...аузы-мұрны жоқ жаман кебісімнің өзі аяғымды қажайды. О, Құдай!

Жә, Сіздерді Жұмекен әлеміне әйтеуір қызықтырамыз деп үзіп-жұлып, күнделікке қиянат-обал жасамайық. Одан да Жұмекен әлеміне өздеріңіз кіріңіздер. Бәлкім біз айтқаннан да мол олжаға кенелерсіздер. Күнделіктің бәрін жариялауға мүмкіншілігіміз шектеулі. Дегенмен, ақын өткізген төрт-бес күнге Сіздер де куә болыңыздар. Сонымен...

«SKIFNEWS. KZ».

 

АУРУХАНА — 83

Июль, 29

20-ы күні реанимацияға түсіп едім. Содан бүгін, 29-ында балконға шығып, күннің көзін көргенімде көзіме жас келді: ып-ыстық, кәдімгідей, күйдіріп барады. Қайра-ан, тіршілік.

Август,1

Таңертең біреу Ақан серінің «Мақпалын» салды. Әй, ән-ақ қой, шіркін. Қанша ой, сезім, мұң, шындық жатыр. Әннің әр иіні бір-бір дүние, бір-бір материк секілді. Ақан сері — ән өнерінің Колумбысы ғой.

Үйірі қысырақтың Мақпал қара,

Қара шашыңды күндіз жу да түнде тара.

Алыстан ат терлетіп келгенімде,

Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара.

Қалай,ә! Осындай құдіретті Ырымбайка сезіне ме? Ішіне қатсын! Ол әлгіндей әндерді ешкім түсінбейді, бағаламайды деп ойлайды. Әрине, орындай да алмас еді. Оған ән емес, қол-шапалақ керек. Қолды көп шапалақтайтын, әрі арзан дуылдайтын қоғамның ең тәжірибесіз, біліксіз, талғамсыз тобы — жастар, олар да есейер-ау, бірақ, өнер адамының өз есі кірмей-ақ барады. Успех! Какой тебе успех? Самообман!

Август, 6

Сағат 4 пен 5-тің арасында қарадан қарап отырып терледім. Қысылған, тынысым тарылған сықылдандым. Теледидар тұрған жерге барып ем, тезірек (жеделірек) жүріп кеттім бе — кім біледі. Ендігі қалған ғұмырдың бәрі осылай, үбектеумен өтетін болса — о ғұмыр — ғұмыр болып көктетпес.

Өткен түнгі ұйқым нашар болды. Есесіне, бүгін күндіз... әй, қатырдым-ау.

Исмаил аға Юсуповты көрдім. Сыртынан. Жұрттың ол туралы айтқан әңгімелерін естідім. Меніңше, бұлардың бәрі түсіп қалса — осындай болады, адам (личность деген мағынада) ретінде түк құндары жоқ. Деятельдер емес, карьеристер ғана. ЦК-ның бірінші хатшысында әйтеуір бір қасиет болуы керек емес пе.

 Август, 7.

Талай күннен бері әне жауады, міне жауады деп жүрген жаңбырлары — өткен түнде басталды. Ғажап салқындық, бір рахат самал еседі. Әй, бір ұйықтадық-ау.

Түскі астан кейін де ұйықтармын-ақ деп ем, болмады: екі қара шыбын емешемді құртып бітті. Тұмсығымнан бастап, кірпігіме шейін қонып шықты. Бірер газетті қатты шиыршықтап алып, ұрып та өлтірмек болдым. Дегенмен, өзіңнің адам болар — болмасың әлі белгісіз бола тұрып, шыбын да болса тірі мақұлыққа қазауаттық ойлаған ұят секілді көрінді. Әрі... Менің екі бірдей сыншым болып еді. Олар да осы екі шыбын сын-ды мазамды алған болатын. Ол екеуі де тірі жүр ғой, мына екеуі де тірі жүре берсін деген ой келді. Жалқау кісінің Гуманист келетіні рас. Кейде қорқақ кісі де Гуманист.

Август, 11.

Кеше кешке қарай Әбіш пен Клара кіріп шықты. Тахауи, Хамит, Естөре, Әбу-шал, Қалтай... бұлар да бір-бірден (ең азы) келіп кетісті. Жалпы, мен ауырсам... ауырғандағы беделім — мынадай, өлсем, тіпті, мықты болам-ау деймін. Әттең, оны тек (өзімді, беделімді) өзім көре алмаймын ғой. Бұ да бір өкінішті жай. Қай қазақ не біліп жүр.

Түнде теледидардан ядролы қарудың қауіптілігі туралы дискуссия болды. Сөйлеушілердің бәрі шешен екен. Әттең, іс жүзінде — тіл емес, қол шешен болса ғой — сол айтылғандар іске асып жатса... Пайдасыз жиналыстың көптігі содан. Сөйлеп кетсе — бәрі дұрыс айта алады, бірақ, сөз жүзінде. Біздің Жазушылар одағының жиналыстары да сондай ғой: ақылды сөз көп, ақылды іс жоқ. Барлық қасірет — қоғамның көзіне түсу, көріну т.б. Абай айтады ғой: «...десін, десін деп жүріп, демесінді ұмытып кетеді».

Ат-шапаннан кем көрмес,

Біреу атын қойса қу дейді.

Мұны Абай айтады. Күні бүгін Абайдан актуальды ақынды көрем жоқ. Дәл түседі-ау, дәл түседі. Бір құрдасым (менің) терең, өте күрделі, ойшыл кісі боп көрінем деп отырып — ұйықтап қалды. Тентек, шадыр. Сотқар болып көріну — «Қаламгерге» кірген көп қаламгердің алдарына қоятын мақсаты сықылды. Шын ақылы бар адамдар анау-мынау ақынды ақымақ етеді. Ерсілеу, есерлеу бірдеңе істесе — ештеңе етпейді, ақынның мінезі ғой деп, өп-өтірік кешіре салады. Какая глупость! Ақынның мінезі ең алдымен өлеңінде, сонсоң, өмірінде (іс-әрекетінде) көрінер болар! Жүз грамм ішіп, біреуге жұдырық түю — ақындық емес, ақымақтық.

Неге біздің поэзия орталық аренаға шықпайды? Абай аударылған жоқ. Махамбет аударылған жоқ. Қасым аударылған жоқ. Аударылғандар; С.Сейтхазин, М.Айтхожина, Ж.Молдағалиев (ең мықтысы), Қ.Жұмағалиев, Ө.Күмісбаев, Т.Әбдірахманова, К.Салықов, Ә.Жәмішев, Е.Әукебаев, т.б. Алдағы жылдары Жазушылар Одағының Басқармасы А.Шамкенов, Г.Сейілжанова, Қ.Баянбаев, Ә.Райымбековтерді аударту үшін Москвадан ақындар шақыртып, жанталасып жатыр дегенді естідік. Евг. Евтушенко сықылды біреу мұрындық бола қалса, кім біледі, жоғарыда аталғандардың ішінен де біреулер мықты болуы әбден мүмкін. Сондай мұрындықтардың арқасында бізге Олжастың өзіне сыңар шекесімен қарайтын ақындар шықты. О, соры қайнаған қазақ жыры! Сенің бағың ешқашан ашылмас. Қазақ өлеңін аудармақ болған орыс ақынының көзіне тек қана ақша елестейтін шығар. Өйткені, қазақ өлеңіне жоғарыда аударылған ақындардың деңгейімен қараған кісіге ақшадан басқа не керек? Ал, жұртқа бәрібір. Аударуға оңай, тек ақшасы бар өлеңі болса — ондай ел Қазақстан болмағанда кім болады? Кітап оқыған жұрт қайсыбір сөз, сөйлемдердің астын сызып оқиды. Мұндай әдет менде де бар. Бірақ, мен кейін бір керегіме жарату, цитатқа алу үшін сызам. Өлеңімді не мақаламды басқа біреудің (онша дуалы болмаған күннің өзінде) аузымен беркіту, санасы сырғақтау, өзіне өзінің сенімі жоқтау (аздау) адамға жеткізу, көбіне-көп ойымды шыншылдығына өткізу үшін цитата алам. Себебі, өз талғамы, пікірі жоқ адам — кітап сөзінен (бұ жерде әйтеуір бір кітаптан алынған цитата) басқаға сенбейді. Менің жазып отырғанымның да кітап екенінде шаруасы жоқ. Қайран, халқым-ай.

Фантастикалық әңгімелер жинағын оқыдым (виток истории) көп беттер сызылыпты. Таңғалдым. Сызған тұстарын қадағалап, не үшін олай еткенін түсінуге тырысып ем — болмады. Ешқандай мақсат-мүдде жоқ сықылды. Әйтеуір, сызу үшін сызған сын-ды. Сызып оқитын жұрт оқымыстылығын көрсету үшін солай етеді деп ойласа керек. Қазақтың психологиясы.

17 август

500 метр жүрдім. Әуелі ЭКГ-де бір ауытқу болды. Үлкен доғдыр келгенше қалғандары шеше алмайтын бір мәселе болғанын түсіндім. Үлкен доғдыр, әрине, рұқсат етті. Чистое психологическое соображение: жібермей қойса (500 метрге) ЭКГ-нің көрсеткені онша күйлі сурет болмағаны, демек, мотордың халі нашар деген сөз. Мен, әрине, мұны түсінем, уайымдаймын. Осыны болғызбас үшін үлкен доғдыр маған рұқсат етті. Менің мұны анық түсінгенімді түсінгенде өзі біртүрлі қысылып қалды. Мен: Ничего! Деп қойдым. Жүрек, әрине, менікі ғой.

Өте сезімтал, нәзік жандар бар, баршылық; бірақ, күллі карьеристер мен кәсіпқойлар тасқынынан әлгіндейлерді тауып, танып алу оңай шаруа емес. Дегенмен, шын мәніндегі мамандар өз істерінің шеберлері барлық жерде, барлық салада бар екенін ешқашан ұмытпау жөн. Адалдық, білім, талант — лауазым емес.

26 август

Біреу келіп (шамасы бастық болуы керек) сестра-қызға ал, кеп ұрысты, ал, кеп ұрысты. Қызда үн жоқ. Сестра-қыздың түк жазығы жоқ екенін ауру да, сау да біліп тұр. Ешқайсысы байғұс қыздың (шындықтың, әділеттің) пайдасына бір сөз айтса ше! Мен де аузымды ашқаным жоқ. Неткен сорлы едік. Мұндай қой-жұртты бағудан оңай не бар дейсіз! Түкке татымайтын адамдардың, бірдеңені бүлдіріп қоймаса (кейде бүлдірсе де) көсем боп ондаған жыл отыра беретіні содан ғой.

«Түссін деп мойынымнан ұлдық парыз,

Жоғарғы орындарға жазам арыз» —

Сәбит Мұқанов айтқандай, арыз жазуға батылы баратын адамдар да азайды. «Арызқой» атану кімге жайлы дейсіз!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары