Әлеуметтік желілерге ашық-шашық суреттерін жүктеп, сүйіктісінің тепкісіне қалған Астанадағы жастар мәслихатының депутаты, әрі модель Динагүл Тасова ендігіде қорлық көрген әйелдер мен балаларға көмектесетінін айтты. Бұл туралы ол өзінің Instagram-парақшасында жариялады.
Қиын сәттерінде Динагүлді қолдап, оған жылы лебіздерін танытушылар қатары көбейген. Оған Ресей, Канада, АҚШ, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран, Ливан, Тәжікстан, Украина елдерінен адамдар хат жазып, өздерінің басындағы оқиғаларымен бөлісіпті.
"Олардың жазуларынан жан ауырлығын сезіндім. Мен Ресей, Канада, АҚШ, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран, Ливан, Тәжікстан, Украинадағы адамдармен бірге отырып жыладым. Маған жақсы адамдардың осыншалықты атсалысқандары қатты әсер қалдырды. Қиын жағдайда мені қолдаған әрқайсыңызға алғысымды білдерімін. Осы жағдайдан кейін мен қорғансыз қалған балалар мен әйелдердің өздерін зорлық-зомбылықтан қорғауына көмектескім келеді. Қорлық көрсету ол қалыпты жағдай емес. Осыны түсіндіргім келеді. Сол себептен жақында "Нәзік жүрек" деп аталатын әйелдер мен балаларды қорғау орталығын ашуды жоспарлап отырмын", – деп жазба қалдырған Динагүл Тасова.
Сонымен бірге, зорлық-зомбылық көрген әйел немесе баланы мұндай жағдайда жалғыз қалмауға шақырды. Ол адамдардың бір-бірлеріне қолдау көрсетуі керек екенін айтып, алақанына қара нүктенің белгісін салған. Бұл белгі арқылы модель өзінің көмекке әруақытта дайын екенін білдірді.