$ 524.58  551.91  4.93

Бостандыққа шыққан Гауһар Әлімбекова көзіне жас алып, кешірім сұрады (ВИДЕО)

Қолхат арқылы бостандыққа шыққан Гауһар Әлімбекова көпшілікке видео-үндеу жолдады. Өзіне қолдау білдірген көпшілікке алғыс айтқан әнші көзіне жас алған деп жазады NUR.KZ.

Гауһар Әлімбекова видео-үндеуді өзінің Instagram парақшасына жүктеген.

«Сіздерден алдымен кешірім сұраймын. Себебі, келгелі бері әлі алғысымды айтып үлгермедім. Суық жақтан келгесін, мазам болмай жатып қалдым. Есімді енді ғана жинадым.

Құрметті Ләйлә Сұлтанқызы, менің сүйікті әпкелерім Мақпал Жүнісова, Майра Ілиясова бастаған өнердегі әріптестерім, ақпарат құралдары мен сүйікті қазақ халқы осы видео арқылы менің жағдайыма алаңдаған әр жанға алғыс білдіремін! Әуелі Алла, содан соң өнердегі жанашырларымның арқасында жағдайым сәл де болса жақсарды. Тас қамақтан туған-туыстың ортасына оралдым. Ал негізгі шешім аппеляциялық сот кезінде белгілі болады», - деп көзіне жас алды әнші.

Еске сала кетейік, 30 қаңтар күні Гауһар Әлімбекованың «алаяқтық» бабымен айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандағынан айырылғаны белгілі болды.

Осыдан кейін журналист Бибігүл Дәулетбекқызы көпшілікке әншінің құрбысына қарыз болған 40 мың АҚШ долларын жинап беруді ұсынды.

Отандық өнер иелері де журналистің сөзіне қолдау білдіріп, Гауһар Әлімбековаға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Әншінің адвокаты Жұмағали Зинелов істің мән-жайын ашып айтып, Әлімбекованың да бұл істе құрбан екенін мәлім етсе, танымал заңгер Орынбасар Тілепбергенов әншінің қандай жағдайда бостандыққа шыға алатынын айтқан еді.

Сонымен қатар, Гауһар Әлімбекованы сотқа берген құрбысы Бақыт Назарова іске қатысты пікір білдіріп, құрбысының абақтыға жабылғанын қаламағанын айтқан болатын.

Ал Гауһардың ағасы Әділхан Әлімбеков қолдау көрсеткен барша жұртқа алғысын білдіріп, оқиғаның мән-жайын өзі баяндады.

Осы шудан кейін әнші қолхатпен бостандыққа шығарылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары