$ 494.87  520.65  4.91

Шекара (әңгіме)

Сәнім кемпір сарт-сұрт еткен дыбыстан оянып кетті. «Бісміллә» деді алдымен басындағы жаулығын қарманып. Сосын есіне әлдене түскендей «е, мына застаптағы балалар екен ғой» деді өзіне өзі күбірлеп. «Аяқтарын ақырын сартылдатса қайтеді екен?»

Содан кейінгі ұйқысы ұйқы болмады. Сыртқа шықты. Таң әлі бозармапты. Сәуірдің енді тәуір болып келе жатқан кезі. Таңғы таза ауадан көктің иісі келеді. Сәнім кемпір кең тыныстап дем алды. Күншығыс жаққа көз тастады. Күннен әлі дерек жоқ. Соған қарағанда таңның атуына әлі талай уақыт бар. Состиып ауланың ортасында ұзақ тұрды.

Үйінің іргесінен орын тепкен жаңа шекара заставасының тірлігі қайнап жатыр. Шекарашылар әлдеқашан таңғы жаттығуын жасауда. Заставаның ашылғанына көп бола қойған жоқ. Сол себепті де Сәнім кемпірдің бұл жаңалыққа әлі құлағы үйренбей жүр.

– Е, Алла өзің сақтай гөр, – деді әдетінше тілінің ұшында жүретін сөзін қайталап. Өзі туып, өзі өскен маң далаға қарады. Осы ұшы-қиыры көрінбейтін даланы тек қана өзінікі деп ойлапты. Құдай-ау десейші, бір-бірімен жалғасып кеткен мына белдер, мына кең жазық бір күні келіп екіге бөлінерін кім біліпті.

Мұнда Сәнім кемпірдің бар балалығы өткен жоқ па? Мына сайда тұлымшағы желбіреп қозы қуды, мына қырда қыз болып қызғалдақ терді. Мына белден ана белге жүгіріп құрбыларымен қуаласып ойнамап па еді?.. Ал енді, мына белдің мына елдікі, ана белдің ана елдікі болып кеткені қалай?.. Сәнім осыны түсінбейді.

– Е, Алла, – деді тағы да Алласын аузынан тастамай. Аула шетіндегі кесілген томардың үстіне барып отырды. Ауыл тым-тырыс ұйқыда. Тек бірлі-жарым қарты бар үйлердің ғана бір терезесі жарқырайды. Ауылға сән беріп тұрған солар болмаса ауылды ауыл емес, жұртта қалған мола дерсің. Әр жер әр жерде қираған үйлер үнсіз күреңітеді. Оларға қарап отырып көңілің құлазиды. Айналдырған үш-төрт айдың ішінде бір ауылдың шырқы бұзылды.

– Әй, жын қақты ма, неғып отырсың состиып, – деген дауыстан алғашында Сәнім селк етті. Шалы екен. Оның да түнімен көз іле алмайтынын біледі. Ішінде тек Сәнім ғана түсінетін дерт бар.

Дүйсен қарт үй жанына жол алды.
– Әй, кәпір, – деді Сәнім кемпір шалының оқыс қылығына жыны келіп. – Қайда барасың? Мына кең жазық тұрғанда Құлахметтің үйіне зәріңді сындырайын дедің бе?

– Алжыған неме, – деген дауысы естілді шалының. – Құлын-тайдай тебісіп бірге өскен Құлахметтің құтты мешіт үйіне зәрімді төгетін алжыды деп пе едің?

Дүйсен қарт көрші аулаға енді. Көктемнің жауыны жуған қабырғалар құлаған моладай күңіреніп тұр. Дүйсен қарт қолы дірілдеп қабырғаларды аялай сипады. Ізінен Сәнім де келді.

– Құлахмет-ай, Құлахмет... – деді даусы дірілдей, үңірейген терезе мен есіктің жақтауларын сипалап. Қарт жанарына әлдене іркілді. Сәнім кемпір де жаулығының ұшын жанарына апара берді.

– Ой, дүние-ай десейші... – деді шалы күрсіне. – Заманның осыншама өзгеретінін кім біліпті дейсің, Құлахмет. Шыбын жаның шырқырап, рухың мына молаға айналған үйіңнің айналасында кезіп жүрген шығар. Ет-жүрегің езілген шығар. Құдай-ау, өз алақаныңмен тұрғызған құтты мешітің бұзылғанда көрде қалай шыдап жаттың екен. Жерде жүрген менің жүрегім ауырды. Қайтесің, көрде болған соң шыдағансың да. Жерде болсаң шыдай алмас ең, білем ғой.

Ермен қарт пен Сәнім кемпір жын жетектегендей қараңғы үйдің қабырғаларын сипалап жүр. Сәнімнің көзінде жас.

– Мына үйді не еңбекпен салып едің. Енді міне бәрі бір пұл болды. Сенің еткен еңбегіңді қайтсін, бала-шағаң бір күнде көшті де кетті. Өйтпегенде қайтсін, Құлахмет, соған мәжбүр болды ғой. Анау өзің білетін Жыңғылсай бар ғой, сол екіге бөлінді. Тура сол тұстан шекара сызығы өтеді екен. Түсінесің бе, шекара. Мына ауылдың өзі екі мемлекетке бөлініп кетті. Сонда қалай деймісің? Әй, соны өзім де білмеймін. Әйтеуір солай болыпты ғой. Мына ауыл ауыл емес, жұртта қалған мола сияқты. Шамасы келгеннің бәрі үйін жығып алып кетіп жатыр. Мен сияқты қиқар шалдар мен бірлі-жарым жағдайы келмегендер қалды ауылда. Мені де не жетіскеннен отыр дейсің? Тек мына ата-бабам өткен жерді, балалығым өткен белді қимаймын. Әкемнен қалған қара шаңырақты жұртта қалдырып қалай кетемін. Жоқ, жоқ... олай ете алмаймын. Білмеймін Құлахмет, білмеймін. Кетпейін десең, балаларды да ойлайсың. Олардың өздеріне қойсаң әлдеқашан-ақ кетіп қалар еді ғой. Олардікі де дұрыс шығар. Енді кетпегенде не қалды дейсің? Мен сияқты қиқар шалдар ғой қазір көшпей отырған. Өлсек осында қалайық дейміз де. Онымен өлетін күн де жақын емес сияқты, тағы кім біледі дейсің. Өлсек те осы үй қалады емес пе? Сонда нені қимай жүрмін десейші. Тек қабірде әке-мен шешеңнің, ата-бабаңның, тума-туыстарыңның, сен сияқты қимастарыңның қасында жатсам дейді екенсің. Құлахмет, тіріде бірге жүргендей, өлгенде де екеуміз қатар жүрсек, арман не? Осы үйді айтам, есіңде шығар ауыл болып асарлатып тұрғызып ек. Әкеңнің қара шаңырағын жаңартып алып, сонда да болса сол ісіңе кейіннен өкініп отыратынсың.

– Бәрібір әкеңнің шаңырағы ғой, – дегенімізге «әкемнің өз қолымен салған тоқал тамына жетпейді екен. Сол тоқал там еді әкем мен шешеме деген сағынышымды басатын» дейтінсің. Ал, сенің өз қолыңмен салған үйіңнің төрт қабырғасы ырсиып, міне, қаңырап тұр. Кімді кінәлайын? Мына ырсиған қабырғаларда сенің ыстық алақаныңның табы білінеді, Құлахмет. Қолың ойылып, мына қабырғаларды сылаған жоқ пе ең? Енді міне, қыстың қары мен жаздың жауыны жуып, сенің алақаныңның табын кетіруде. Еңбегің еш кетті деген осы шығар, Құлахмет. Мен де кетсем, менің де үйім сенің үйіңнің кейпін кимей ме? Үйді қойшы, ата-бабамның кіндік қаны тамған, маңдай тері сіңген мына жерді кімге тастап кетемін? О дүниеге барғанда не бетімді айтамын. Тірідей өлген деген осы шығар. Туған жерден тірідей айрылған соң тірі жүріп не керек?..

Ермен қарт кеңкілдей жылады. Таң енді бозарып келе жатқан. Состиған қабырғалар ерте таңмен бірге бозарып келеді. Сәнім кемпір де жаулығының ұшымен көз жанарын қайта-қайта сүрте береді.

– Қой үйге барайық, – деді әлден соң өзін жиған Ермен шал. Мына отырысымызды балалар көрмесін.

Екі мұңлық қалт-құлт басып қираған үйден сыртқа шықты.
– Бейсен! – деді қатқыл дауыстап Ермен қарт өз ауласына ене бере. – Бейсен!
Баласы үйден ытқып шықты.
– Тыныштық па, әке?
– Жинал, кетеміз!
– Қайда?
– Қайда болушы еді? Атамекенге!

Атамекен... Өз ата мекенінде тұрып, айдың күннің аманында одан айрылып қалған Ермен қарттай мұңлық бар ма екен мына жер бетінде. Атамекен деді. Қай атамекенді айтқанын өзі де білмейді. Осы тұрғаны өз ата мекені, өз атасының, өз бабасының мекені емес пе еді? Енді қайда барады? Ұлтарақтай болса да өзінің ата-бабасы қанымен, жанымен қорғаған мекен еді ғой. Оны неге тастап барады? Ол жер неге басқаның жері болып шықты? Қалай? Кімді кінәлайды? Заманды ма? Саясатты ма? Әлде, момын халықты ма?

Көз сүрінетін ештеңесі болмаса да осы жер оның ата-бабасының сан ғасырлық мекені еді ғой. Енді неге өзгенікі болады? «Бұл менің мекенім!» деп шыққан бір азамат болмағаны ма сонда? «Менің жерім» деп шығатын азамат табылмағаны ма? Сонда ер емес ез өсіріп келеміз бе?

Ермен шалдың қарт санасын тілгілеген ойлар жүрегіне жетуде.
– Әке, шын айтып тұрсың ба?
Баласы әлі де сенбей тұр. Кешеге дейін «өлсем өлігім осында қалады» деп қасарып келген әкесінің бүгін таң алакеуімнен көшеміз дегенін қалай түсінеді.
– Әке, сізге не болды?
– Ештеңе балам. Жинал, көшіңді арт, кетеміз.
– Бір түнде не көрінді? Осы күнге дейін өлсем осында көмерсің деуші едіңіз...
– Өлмегенде не қалды дейсің, балам?.. Туған жерден тірідей айрылып отырғанымыз өлгеніміз емес пе? Ата-бабаңның сан ғасырлық мекенін бір күнде өзге біреудің қолына ұстатып бергенің өлген емей немене? Өлген соң жансыз денең қайда жатса да бәрібір емес пе? Туған жер, атамекен тірі адамға керек, балам...

Тағы бір көш шөл даланың шаңын көшіріп жаңа шекарадан аса берді. Тағы бір үй қабырғасы ырсиып қала берді. Жазық далада жайылып жатқан ауыл тағы бір үйге кеміді. Тек анадайда ата-баба моласы сол баяғыдай түп-түгел, Жаратқанға телміріп тұрғандай.

Бақтыгүл АУДАНОВА.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары