$ 494.87  520.65  4.91

Астанада «Қазақстандықтардың көзімен Түркия» атты сурет көрмесі ашылды (ФОТО)

Юнус Эмре түрік мәдени орталығы 2019 «Жастар жылы» деп жариялануына орай, жас таланттар мен өнерпаздарға қолдау көрсету мақсатында 2019 жылдың 14 наурыз күні «Хан Шатыр» ОСО-да суретші Назерке Кемелбаеваның «Қазақстандықтар көзімен Түркия» атты жеке сурет көрмесінің тұсаукесерін өткізді. Көрмеде жас қылқалам шеберінің 40-қа жуық еңбегі қойылды. Алғашқы жеке сурет көрмесін Түркия тақырыбына арнап отырған Назерке Кемелбаева қазірде Қазақ ұлттық өнер университетінде 5 курста білім алуда. Сондай-ақ Юнус Эмре түрік мәдени орталығында түрік тілін үйренуде.

Сурет көрмесінің тұсаукесері түрік халқының билерімен басталды. Жас өнерпаздар «Зейбек» және «Чифтетелли» билерімен өнер көрсетті. Көрме барысында Назерке Кемелбаеваны Түркия Республикасының Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык, ҚР Парламенті Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов және Юнус Эмре түрік мәдени орталығының директоры міндетін атқарушы Алмагүл Исина құттықтап, өнер жолындағы бастамаларына сәттілік тіледі. Көрменің ашылу салтанатына Дипломатиялық корпус өкілдері, ҚР Парламент депуттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Түркия Республикасының Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык: «Өздеріңізге мәлім, Құрметті Президент Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның тарапынан бұл жыл «Жастар жылы» болып жарияланды. Осылайша, Назерке Кемелбаева ханымның шығармашылығына көрсеткен қолдауымызды Жастар жылына деген сыйымыз деп қабыл алыңыздар.

Адам жан дүниесінің барлық сезімдері мен толғаныстары әрдайым бейнелеу өнерінде көрініс тапқан. Бүгін тамашалауға келген жас суретшіміз Назерке Кемелбаеваның қылқаламынан шыққан туындылар – осы эстетикалық нәзіктіктің бір өрнегі болып табылады. Назерке Кемелбаеваның бүгінгі шығармалары Түркияның көрікті тарихи және туристік ескерткіштері мен жерлерінің таңдамалы тізбегін ұсынып отыр. Өзінің көркем туындылары арқылы екі бауырлас халықтарымыз арасындағы берік достыққа өнер шамшырағымен үлес қосып жүрген Назерке ханымды шын жүректен құттықтаймын»,- деп пікірін білдірді.

ҚР Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов өз сөзінде: «Мемлекет әрқашан жастарға қолдау көрсетеді. Елбасы осы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жыл бойы жастармен түрлі жобалар жасалады, ауқымды іс-шаралар атқарылатын болады. Назерке сияқты талантты жастарға әрқашан биіктен көрінулеріне қолдау көрсетуге дайынбыз.

Өзі Түркияда болмаса да, Түркияның тамаша жерлерін өз шығармашаларына көрсете білгені мені таң қалдырды. Алдағы шығармашылығына толағай табыстар тілеймін»,- деді.

Шараның ұйымдастырушы Юнус Эмре орталығының директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исина «Қазақта «Бұлақ көрсең – көзін аш» деген даналық сөзі бар. Біздің орталықта білім алып, тіл үйреніп жүрген Назеркенің сурет өнеріне деген қызығушылығы бар екенін байқап, Жастар жылы аясында оның жеке сурет көрмесін өткізуді ұсындық. Сол ұсынысымызға орай ол қысқа уақыт аралығында 40 сурет салып шықты. Біз алдағы уақытта да қолдау көрсете беретін боламыз», - деді.

Назерке Кемелбаева 15 жасынан бастап Астана қаласындағы «Балалар сурет мектебі. ЮНЕСКО клубы» атты мектепте қосымша сурет өнерін оқып, оқу орнынан академиялық білім алған. Қазіргі таңда сценография мамандығы бойынша білім алып жатқан суретші болашақта танымал иллюстратор болуды армандайды.

Көрмеге қойылған шығармаларда бауырлас ел Түркияның түрлі қалалары бейнеленген. Шығармаларының арасында ескі мәдени мекендер – «Мевлана кесенесі/ Конья», «Акдамар шіркеуі/Ван», «Ысқақ- Паша сарайы/ Аары» мен ежелгі қалалардың «Понт патшаларының мазарлары/Амасья», «Румели Хисар бекінісі/Ыстамбұл», «Ежелгі Эфес қаласы/ Измир» суреттері де бар.

Айта кетейік, «Қазақстандықтардың көзімен Түркия» көрмесі 2019 жылдың 16 наурызына дейін қала тұрғындары мен қонақтары үшін ашық болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары