«Астана Опера» опера және балет театрында 6-7 сәуір күндері Дж. Россинидің «Жібек саты» бір актілі опера-фарсының премьерасы өтеді деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.
1822 жылы Бетховен, Дж. Россинидің даңқы шарықтап тұрған кезде кездестіріп, былай деген: «Ешбір жағдайда опера-буффадан басқа ештеңе жазуға тырыспаңыз, одан басқа стиль Сіздің табиғатыңызға жат».
Осыдан көп жыл бұрын 20 жастағы композитор, болашақ «Севильдік шаштараздың» авторы, венециялық Сан-Моизе театрына арнап, Дж. М.Фоппаның либреттосына «Жібек саты» атты бір актілі күлдіргі опера-фарсын жазады. «Жібек сатыда» жарқын әзіл-сықақ және оқиғалар желісіндегі әртістердің жанды суырып-салма мәнері Россиниге тән дарынды вокалдық және аспаптық партиялармен тамаша үйлеседі. Россини бастапқыда қарым-қатынастары құпия болып қалуы тиіс жас ғашықтардың сезімталдығын, жалыны мен жасампаздығын мадақтайды.
Оқиғалар желісі ХVIII ғасырда өрбиді және өзінің сүйіктісі Дорвильге жасырын тұрмысқа шыққан Джулия жайында әңгімелейді. Заңды күйеуі әйеліне терезеден лақтырылған жібек саты арқылы көтеріледі. Джулияның қамқоршысы кәрі Дормонт неке туралы білместен оны Бланзакқа тұрмысқа бермекші болады. Үнемі түсініспеушіліктер мен ыңғайсыз жағдайлар артып, соңында бақытты шешім табылады.
Сахнада Жаннат Бақтай, Салтанат Ахметова, Айзада Капонова сынды әртістер өнер көрсетеді.