Белгілі әнші Рано Омарованың көлігінің айнасын әлдебіреулер ұрлап кеткен. Оның айтуынша, оқиға былтыр Денис Тен өлтірілген жерде орын алған. Бұл туралы әнші өзінің Instagram-парақшасында жазды.
«Сіздермен басымнан өткен өте жағымсыз жайтпен бөліскім келеді. Айна ұрлау қылмысын қалай тоқтатарын білмеймін. Бұл сұмдық қой. Денис Тенге қатысты трагедиялық жағдай жақында ғана болды емес пе? Қаншама іс атқарылды, басқа да шаралар қолданылады деп уәде берген еді. Бірақ, әлі күнге дейін тура сол жерде айналар ұрланып жатыр. Өткен демалыста сол жерден 50 метр ұзақтау жерде ұрылар менің көлігімнің айнасын да шешіп алыпты. Екінші айнаны шешіп үлгермеген. Өйткені мен 20 минутқа қана кеткен болатынмын. Жалғыз болмағандықтан олар сескенген болар. Ал, жалғыз болсам ше? Олар қаруланған болуы да мүмкін. Себебі айнаның сымдарын пышақпен кесіп алған. Бұл жерде тек көліктің айнасы ғана емес, біздің өмірімізге де қауіп төнуде. Бұл жерде бейнебақылау камерасы бар ма, жоқ па? Ешкім айта алмайды. Қылмыскерлерді табатынына күмәнім бар. Бірақ үмітсіз шайтан», – деп жазды ашуланған Рано Омарова.
Әнші оқиға орнына дер кезінде келген полицейлерге алғысын білдірді.