Димаш Құдайбергеннің Кремль сахнасындағы екінші жеке концерті де аншлагпен өтті деп жазады Sputnik Қазақстан.
Димаштың Мәскеудегі бірінші концерті қалай дүркіреп өтсе, екіншісі де жоғары деңгейде болды. Ресейдің бас сахнасы – Кремльдің алты мың орындық үлкен залы көрермендерге лық толды. Димаштың 56 елден келген фанаттарынан бөлек, Ресейдің түкпір-түкпірінен өнерсүйер қауым көптің аузында жүрген қазақ әншісін тыңдауға келген. Концерт үзіліссіз екі жарым сағатқа созылды. Димаш кеш барысында қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз тілдерінде ән шырқады. Тіпті «Screaming» әнімен концертті бастаған кезде қазақша рэп орындап, жұртты таңғалдырды. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзді жиі айтып жүретін әнші домбыраны күмбірлетіп, көрерменнің ерекше ықыласына бөленгені тағы рас.
Концертте көпшіліктің сүйікті әндерімен қатар, жаңа туындылар шырқалды. Жиналған қауым әрбір әннен кейін Димашқа қол шапалақтап, қошемет көрсетуге тырысып бақты. Әсіресе, «S.O.S», «Дайдидау», «Грешная страсть» әндері жұртшылықты ерекше тәнті етті. Димаш та кеш бойы тыңдармандарына рақмет айтудан бір шаршаған жоқ. Жиналғандармен әңгіме барысында ата-анасына, ұстаздарына және қазақ халқына шексіз алғысын білдірді.
«Мен өзімнің қазақ екенімді мақтан тұтамын!», - деді Димаш үлкен сахнадан.
Сондай-ақ әнші бауырлас орыс халқына ілтипатын жеткізе отырып, «екі халықтың достығы мәңгіге жалғасады деген үміттемін» деді.
Көрермендер Димаш пен танымал композитор Игорь Крутой екеуінің өнерін асыға күтті. Бекер емес, олар ұсынған жаңа әндер жүрекке жеткені анық. Ал «Любовь уставших лебедей» әнін бүкіл залдың қосыла шырқағаны айрықша әсерлі болды.
«Димаштың Кремль сарайында өнер көрсетуі шын мәнінде үлкен оқиға. Алда көп концерт, бағдарлама бар, бірақ бұл концерт оның өмірінде, көрермендердің өмірінде бірінші болып қалады. Өте талантты әнші Димашқа ән жазу мен үшін үлкен құрмет. Оның жаңа бағдарламаларын, жаңа әндерін бүкіл әлем күтетініне мен сенімдімін», - деді Игорь Крутой.
Концерт соңында Димаш сахнадан түсіп, көрермендердің арасына барды. Бүкіл зал орындарынан тік тұрып, ерекше дауыс иесінен ыстық ықылас, құрмет пен қошеметін, құшақ-құшақ гүлін аямады.
Димаш Құдайбергеннің екінші концертінен жұрт «Керемет! 2,5 сағат бойы жалғыз өзі жанды дауыспен айтып шықты», «Жанкүйерлері жан-жақтан «Димаш» деп айғайлап жатқан кезде, өзімнің оларға қалай қосылып кеткенімді білмей қалдым», «Көрермендердің ықыласы керемет болды. Мұндайды біздің әншілердің ешқайсысының концертінен көрген жоқпын», «Мәскеуді мойындатты» деген сөздермен тарқасты.