Эстрада әншісі Алтынай Жорабаева былтыр ғана продюсер Сәбит Әбдіқалықовпен ажырасқанын алғаш мойындап, журналистерге сұхбат берген болатын. Бұрынғы күйеуі жайлы сұрақ қойылса, дереу ашуға ерік беретін өнер иесі бұл жолы «31-арнадан» шығатын «Өмір мен өлім» бағдарламасының жүргізушісі Анна Данченкоға ағынан жарылып, сырын айтты.
Жорабаева Әбіқалықовтың өте дөрекі адам екенін, тіпті «маған тие сал» деп сөз салғанын айтты. Бас-аяғы 2 ай ішінде отбасын құрған олардың шаңырағы ұрыс-керіспен басталыпты.
«Мен тіпті бауырларыма айтпайтынмын. Ұрыс-жанжалдан кейін ертесі таңертең міндетті түрде әкем қоңырау шалатын. «Даусың бір түрлі ғой» десе, жоқ, бәрі жақсы деп айтатынмын. Қайдан біледі десем, сезеді екен ғой», - деген әнші Сәбиттің отбасына қайта оралғанын қаламайтынын айтады.
Тіпті, бұрынғы күйеуі өз сүйгенін жолықтырса екен деп дұға жасайтын көрінеді.
«Күнде намазға тұрғанда «неге Айгүлге, неге Алтынайға үйлендім. Неге саған үйленбедім» деп айтатындай бір әйел кездестіріп, өкінсе екен деп тілеймін. Кезінде жылаған сайын ұра беретін. Қазір мен сол кездің бәріне рахмет айтамын. Тіпті, таяқ жегеніме рахмет айтам. Өмірге пісіп, ештеңеден қорықпайтын болдым», - деген ол бір кездері жүйкесі сыр беріп, денесінің сол жағы істемей қалғанын да айтты.
Айта кетейік, Алтынай Жорабаева мен Сәбит Әбдіқалықовтың ортақ некелерінен бүгінде 4 қыз бала бар. Әнші бұған дейін продюсердің балаларына мүлдем қарайласпайтынын айтып, 1 жыл хабар-ошарсыз кеткенін мәлімдеген.