15.05.2019, 21:22

Шымкентте субұрқақтарды күтіп ұстау үшін бюджеттен 162 миллион теңге бөлінген

Күннің ысуына байланысты Шымкент қаласында субұрқақтарды іске қосу жұмыстары басталып кетті. Сала мамандарының айтуынша, шаһарда ұзын-ырғасы 23 субұрқақ бар. Биыл қаладағы 32 тік ұңғыма мен барлық субұрқақтарды күтіп ұстау үшін бюджеттен 162 миллион теңге қаражат бөлінген.

Субұрқақтарды күтіп ұстау биыл «Жасыл қала» МКК-на бұйырыпты. Бүгін мердігер субұрқақтардың жұмыс істеу кестесін бекітті. Автоматты түрде іске қосылатын субұрқақтар таңғы сағат 7:00-ден бастап кешкі сағат 22:30-ға дейін атқылап тұрады. Алайда “Қырғы базар” маңындағы көлдегі субұрқақтың сиқы сын көтермейді. Темір қоршаулары тат басып, тозған, жиектастары құлап, ағаштары қурап тұр. “Бұл темір шарбақтар су астында тұрғандықтан, тез шіріп кеткен. Биыл жөндеп, сырлап, тастарын қайта орнықтырамыз. Негізі бұл аумаққа электр жарығы керек” дейді “Жасыл қала” мамандары. Сала мамандарының айтуынша, биыл осы аумақты абаттандырып, электр жарығын жеткізу үшін есеп-қисап жасалып жатыр екен. Қаражат бөлінсе, бір кездері базар болған орын адам танымастай өзгермек. Бұл жөнінде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Бектұрсынов: “Бұрынғы көл аумағының қазіргі жағдайы бізге белгілі. Көп жылдан бері жөндеу жұмысы жүргізілген жоқ. Биыл қолға алсақ дейміз. Қанша қаражат қажеттігін есептеп жатырмыз” дейді.

Бұдан бөлек Ахмет Байтұрсынов көшесіндегі субұрқақ та жөнделеді. Оған қоса көше бойына салынатын демалыс орындары мен фонтанның жобасын дайындап қойған. Тек қаражат қажет.

«SN.kz»-ақпарат.

Тегтер: Шымкент