Қанша уақыт өткенімен, Шекспирдің туындылары өзектілігін жоғалтған емес. Ұлы драматург шығармалары заманауи мәселені сан қырынан көрсететін іспетті. Спектакльді тамашалауға келушілер қойылымды бүгінгі қоғамның айнасы ретінде қабылдағандарын айтады.
«Театрдың міндеті дайын шығарманы қойып беру емес, керісінше көрермен көкейіне ой салу», — дейді театрдың көркемдік жетекшісі Тимур Ахметов. Оның айтуынша, сахналық декорация да санаға салмақ түсіреді. Қараңғылық басым сахналық безендіру сол заманғы тіршілікті айғақтап тұрғандай. Ал басты кейіпкерлер ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаевтың шешімімен тағайындалған.
«Гамлетті сахналағанда ең алдымен режиссердің шеберлік мектептері жүргізілді. Бұл кісі педагог-режиссер. Сол тұрғыдан алғанда, актерлық труппаны үйрете отырып Гамлетті шығарып берді. Бұл жерде біздің театрымыздың бас суретшісі Қалтөре Жұмақұловтың жұмысы көрінді. Бұл Гамлетте үлкен декорациялық шешім бірінші планға шықты» дейді Тимур Ахметов.
Айта кетейік, 85-маусымда театр ұжымы көреременге ой салатын 5 бірдей премьераны ел назарына ұсынды.
«SN.kz»-ақпарат.