Әнші Қайрат Нұртастың анасы, продюсер Гүлзира Айдарбекова өз Instagram-парақшасында Арыстағы оқиғадан зардап шеккен тұрғындардың Шымкент қаласындағы шеруіне байланысты ой қозғады.
«Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп барынан айрылыпты болмасын, ағайын. Елден қаншама ішерге ас, киерге киім артығымен келіп жатыр. Бүкіл ел болып көмек қолын созып жатқанда, тойынбай артық кетіп, ағаттық жасамаңыздар. Қате кетіп, от баспайық!», - деді Гүлзира Айдарбекова.
Сондай-ақ, Гүлзира Айдарбекова бұл оқиғада бір шикілік бар екенін алға тартты.
«Дегендеріңізді жасаған сайын, аспандағы айды алып бер дей бермей, барына тәубе етіңіздер. Бәлкім сол жарылысты да сырт адамдар әдейі жасап, одан кейін көтеріліс болуын пайымдап, жәймен көздегендегі мақсаттарына жету амалдары жүріп жатқан шығар. Көтеріліңдер, пәлен мың доллор береміз, бүгінгі күннің қу дүниесін ойлай бермей, ертеңімізді де ойластырғанымыз жөн. Бауырларыңыздың, ұл-қыздарыңыздың қаны төгіліп, еліміздің берекесі кетіп жатса, ол ақшаны қайтпексіздер? Бұл ақша өмірлік қорек болмайды. Сабыр сақтайық! Арыстық ағайындар емес, бұл жерде бір шикілік бар», - деді продюсер.
Осылайша, ол Арыс халқын сырттағы агитацияға ермей, сабырға келуін шақырды.
«Туған жерді тастап қайда барасыздар? Өкімет үйлеріңізді, қаланы орнына келтіріп беруге уәде берді. Адамдардың сіздерге деген осындай пейілін жоққа шығармаңыздар. Осынша уақыт ұстап келген бейбітшілігімізден көз жазып қалмайық! Кемедегінің жаны бір деген, бір елдің азаматтары мен азаматшалары болғандықтан, сәл ғана қателіктен таяқтың бір ұшы бәрімізге де тиеді», - деп жазды Гүлзира Айдарбекова.