Белгілі актриса Айнұр Ілиясова халықпен бірге не үшін митингке шыққанын айтып берді, деп жазады Sn.kz ақпараттық порталы.
Бұл туралы ол Youtube желісіндегі Нұрсұлтан Құрманның арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Айнұр Ілиясова митингке өз еркімен барғанын, оны ешкім үгіттемегенін айтты. Өйткені ол сол уақытта өзінің Үкіметке ызаланып жүргенін жасырмады. Елдегі болып жатқан оқиғалар оның ашуына тигенге ұқсайды.
«Сол кезде қиыншылық көп болып кетті. Менде бір ыза пайда болды. Доллар 180-нен 300-дің үстіне шығып кетті. Мүмкін көп нәрсені түсінбеген шығармын. Бірақ, мен минтингке жалғыз бардым, ешкім шақырған жоқ. Желіден көріп, ілесіп кеттім. Сол кезде көрген нәрсем көз алдымнан кетпейді. Адамдарды көліктерге алып, хайуандарды салған сияқты итере бастады», - дейді Айнұр Ілиясова.
Алаңдағы әділетсіздіктерді көзімен көрген Айнұр Ілиясова көзіне жас алып, қынжылған. Алайда халық өнер иесінің бұл әрекетін теріс ойда қабылдаған. Оны ДВК мүшесі ретінде қабылдап, оппозиция өкіліне айналдырған.
«Менің мемлекетім, мен еңбек етіп жүрген, сүйетін халқым осы ма деп ойладым да, жыладым. Бұл тапсырыс емес. Маған кім ақша төлейді?! Оппозицияның бетпердесі болып шыға келдім. Мен өзімнің пікірімді білдіріп, минтингтің не нәрсе екенін көру үшін бардым. Шынайы жүрген адамдар да, ақша үшін шыққандар да болды. Митинг деген өте қорқынышты нәрсе екенін түсіндім», - дейді актриса.