Шаһарда шытырман оқиқаға толы телехикаялар мен анимациялық фильмдерді түсіретін ауқымды студия ашылады. Ал оларды қолдау үшін жарнама жұмыстары белсенді атқарылады. Яғни, орталық даңғылдар мен көше бойына жарнама қағаздары мен тақтайшалар ілінеді.
Шымкенттегі мәдени мекемелердің басшыларымен кездесуде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осылай деді.
Жиында алдымен өңіріміздегі бейнелеу өнері мұражайының басшысы Айнабек Оспанов мәдени ошақтың іс-шаралар санын арттыруды сұрады. Себебі жылына небәрі 21 ғана көрме қолға алынып, нәтижесінде одан түскен қаржы нысанның коммуналдық төлемін өтемей жатыр екен. Жағдайдан хабардар болған Ғабидолла Әбдірахымов мәселені шешімін табуға атсалысатынын айтты.
Бүгінде өзге емес, өзіміздің шаһарда түсіріліп жатқан туындылар да жиында көпшілік назарына ұсынылды. Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне арналған «Қазақ елі» мультфильмінің оқиға желісінде Керей мен Жәнібек ханның балалық шағы, ондағы халықтың төл тұрмысы баяндалады. Басты кейіпкерлердің Отырарға қаласына барып білім алуы да хикаяға еніп отыр. Ел аумағында алғаш рет 3D жүйесі мен бейнелеу өнерін қоса қолданып, әзірленіп жатқан еңбек жиналыста әкімнің назарына ұсынылып, оның жәйі де сөз болды.
«Шымкентте анимациялық фильмдер түсіріліп жатқаны қуантады. Бірақ бізде арнайы киностудия жоқ. Қазіргі уақытта қаламыздан балалар студиясын ашсақ, бұл ел аумағында қызметін бастаған алқашқы мекеме болар еді. Шымкенттік туындылар талай көрерменін тауып, тәнті етер еді», - дейді «Оңтүстікфильм» МКМ директоры Батырхан Дәуренбеков.
Мәдениет саласының мәселесі мұнымен шектелген жоқ, жиынғы қатысушылар жасалған тұщымды туындылар мен еткен еңбектің көбіне көрінбей, шет қалып қоятынын да айтты.
«Біздің қала тек әдемі киініп, жақсы тамақтанбайды. Біздің тұрғындар мәдениетті болуы керек. Ол үшін мәдениет саласын жарнамалап, оған қолдау көрсету маңызды. Анығырақ айтсам, жерлестеріміздің мәдени мекемелерге келіп, керемет кештердің куәгері болғаны жақсы. Сонда өнер мен мәдениетке деген құрметі де артады ғой. Бұл үшін көше мен жол бойларына цирк пен өзге де театрлардың қойылымдарын жазып, оны тақтайшаларға іліп, тұрғындар ғана емес, қала меймандарына да таныстырған дұрыс. Ал қазір олай жарнамалау өте қымбат, сондықтан бізге қолдау көрсетуіңізді қалаймыз», - дейді облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Игорь Вербицкий.
«Маған қай аумаққа жарнама тақтайларын ілу керек екенін айтыңыздар, мен мұны міндетті түрде қарастыратын боламын», — деді шаһар басшысы.
Қала әкімі айтылған мәселелер мен жағдайлар алдағы тоқсанда оң шешімін табады деп сендірді. Сала бойынша өз орынбасарларына тапсырма жүктеді. Ал мәдени мекеме өкілдері үлкен сеніммен тарасты.