Мәдениет & Шоубиз 21.12.2015 сағат 11:37

Менің аппақ шағалам-ай... немесе Бауыржан Үсеновтің жарыққа шыққан жалғыз әні

Дір-дір етіп бала денең,

Назды үнің-ай, аға деген!

Тұрмын күтіп жалғыз сені,

Жалғыз бөтен жағада мен.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Тоқсаныншы жылдардың соңында қазақ эстрадасына жаңадан келген, жаңа лирикалық әндерімен жүректі жандыра кел­ген әншілер Ақбота Керімбекова мен Саят Медеуовтер осылай шырқап, тыңдарманды еріксіз елжірететін. «Ақ шағала» деп аталатын бұл ән көпшіліктің көкейінен шыққаны соншалық, жұртшылық шығармашылық жолдары екі бөлек әншілерді қазақ эстрадасындағы жаңа жұп деп қабылдаған-ды.

«Ақ шағаланың» сөзін жазған белгілі ақын, «Дарын» сыйлығының иегері Әбубәкір Смайыл. Сазының авторы – өмірден ерте кеткен қазақтың біртуар ақыны Бауыржан Үсенов.

Әбубәкір Смайыл:

– Біз ақын Бауыржан Үсенов, Махат Садық, Әбдез Рахманұлы барлығымыз сексенінші жылдары ҚазГУ-де бірге оқыдық. Студенттік күндердің қызығын қатар өткердік. Бауыржан ақындығымен қатар ән шығаратын, оны өзі орын­дайтын, домбыра, гитара тар­татын «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт еді. Ол кезде студенттерді ауылшаруашылық жұмыстарына тәжірибеден өтуге жіберетін. Сек­сен жетінші жылы бізді Қостанай облысы Краснопресненскі ауданындағы Қозыбаев атындағы ауылға картоп қазуға жіберді. Бір күні Бауыржан «Мен жаңа ән шығардым, сен соған мәтін жаз» деп маған қолқа салды. Мен өмірімде әнге сөз жазып көрмеген адаммын. «Қолымнан келмейді-ау!» деп қашқалақтасам да, қолқалап қоймады. Бір қызығы, Бауыржан дүниеге келген әнді ұмытып қалмау үшін өзімен бірге алып жүрген Қадыр Мырзалиевтің кітабынан махаббат тақырыбына мүлде қатысы жоқ, тек буын саны сәйкес келетін бір өлеңді «рыба» етіп алыпты. Содан не керек, біраз қиналып «Ақ шағаланы» жазып шықтым,– дейді.

Адамбыз ғой кінәлағыш,

Айыпты да тағар оңай.

Кеттің неге жырақ алыс,

Кеттің неге ағаламай?!

Мен таяздық таныттым ба,

Бақытымды бағаламай?!

Бұл қоштасу қайбір, жаным,

Тиді дейсің маған оңай?!

Ұя салдың жағаға қай,

Менің аппақ шағалам-ай?! – деген жолдар осылайша ауылшаруашылық жұмысында жүргенде дүниеге келіпті. Картоп қазудың жоспарын асыра орындап, пойызбен Алматыға қайтып бара жатқан жолда студенттердің бәрі жаңа әнді жаттап алады.

Автор өз шығармасы үлкен сахна­да шырқалып, жалпақ көрерменге жетеді-ау деп мүлде ойламапты. Көп болса студенттердің арасында, шағын отырыстарда шырқалатын көше әндерінің бірі болар деген. Осы­дан бірнеше жыл бұрын радиодан Саят пен Ақботаның орындауында тыңдағанда, таңғалғанын жасыра алмайды.

– Әрине, өз әнімді бірден таны­дым. Бірақ біраз өңделгені көрініп тұр. Жігіттің монологы, яғни, менің жазғаным бір жолы өзгерместен, сол күйінде сақталып, қыздың моно­логына жаңа шумақтар қосылыпты. Жалпы, ән тыңдарманға әртүрлі жолмен жетеді ғой. «Ақ шағаланың» тағдыры о бастан осылай жазылған шығар. Ең бастысы, тыңдарманын тапқанына қуаныштымын,– дейді ол.

Әнші Саят Медеуов: «Негізі, Ақбота екеуміздің репертуарымыздағы бұл ән «Ақ шағала» және «Қызғанамын» деп аталатын екі әннің біріктірілген нұсқасы. Біз екі әнді қосып, бір ән жасадық. Кезінде «Раймалы мен Бегімайдың жырын» көпшілік өте жақсы қабылдаған болатын. Біз осы сәтті бастамамызды үзгіміз келмеді. Қоржынымыздағы әндерді қарастырған кезде, осы екі әннің мәтіні мен сазы бір-біріне үйлесе кетті. Аранжировкасын Бағлан Омаровқа жасаттық. Демек, «Ақ шағаланың» мәтінін екі адам, сазын екі адам жазған, оған қоса екі әнші орындайды».

Сыры көп, айтары аз қыз баланың,

Жазықсыз жанарымның үзбе бағын.

Жат түгіл, жанарыңда күлкі ойнаған,

Мен сені өзімнен де қызғанамын. –Бұл біз тілге тиек етіп отырған әндегі қыздың монологы. Саяттың сахнадағы серігі Ақбота Керімбекованың айтуынша, бұл жолдар Ақұштап Бақтыгерееваның қаламынан туған. Сазын жазған – семейлік композитор Бағдат Есдәулетова.

Бауыржан Үсенов қайтыс бо­лып кеткеннен кейін оның бүкіл әндерін жинап, нотаға түсіріп, шығармашылығының жоқтаушысы болған бірден-бір адам – Табылды Досымов екен. Табылды өзі Аты­рауда жатса да, Бауыржанның жиырмаға тарта әнін жиып-теріп, нотаға түсіріпті. Соның ішінде «Ақ шағала» да бар.

– Бауыржанның «Бір келіншек», «Жетінші пойыз» деген әндері ҚазГУ студенттерінің арасында хит болатын. Шыны керек, сөзі де, сазы да мықты. Өкінішке қарай, «Ақ шағаладан» басқасы әлі күнге тыңдармандарға жетпей жатыр. Мен де «Ақ шағаладан» кейін бірде-бір әнге мәтін жазған емеспін. Ең бірінші және соңғы жазғаным «Ақ шағала» болды. Марат Омаров, Жарылқасын Дәулетов сынды ком­позиторлар шығармашылық одақ құруға ұсыныс жасап еді, бірақ қолымнан келмеді, – дейді Әбубәкір Смайыл.

Арнұр АСҚАРОВ

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар