28.08.2019, 15:50

«Талай қылдым, бірақ таппадым көңіліңді»: Ninety one тобының әндеріндегі мәнсіз мәтіндерге талдау

Қазір қазақ жастары екі тарап болып, бұлардың тек киім киістері мен боянып-сыланғандарының дұрыс-бұрыстығына қызылкеңірдек болуда. Ал ішкі рухани мүгедектіктің сол сырт көрініске әбден лайық екендігін неге бағамдамасқа?

Жалпы, «заман – жастардікі» деп жалпақшешейленіп, бүгінгі буын не істеп, не қойса да мән бермегенсіп отыра беруді қою керек. Мәселен, кейінгі кезде желөкпе жасөспірімдер түгіл, әжептәуір білім-білігі, таным-талғамы бар-ау деген 30-40 жас шамасындағы замандастарымыздың өзі ақ тер, көк тер болып, МС Сайлаубек пен Ninety one тобын жақтап әлек. «Көре алмайсыңдар» деп күйіп-піседі. «Іштерің күйсін» деп ісіп-кебеді. «Әндері әдемі» деп әсірелейді...

Ендеше, Сайлаубекті санатқа алмай-ақ, Ninety one тобы орындап жүрген «қазақша ән» мәтіндерін талдап берейік. Оқып, «ән» мәтіндері ішінен әлгі «әдемілікті» тауып көріңіздер!

Алдымен «Қалай қарайсың?» деген қойыртпақтан бастасақ...

«Тапталып жүрегім, кеудем өртенуде, Мен аттанып жүремін сенің әлеміңе. Қарашы бері, бері, сезімге еніп, еніп, орашы мені, мені», – дейді бояубет ұлдарымыз. Мәтін авторының жүрегі тапталып, өзі ғашығының «әлеміне» «аттанып жүреді» екен. Жарайды, сүйгені «сезіміне енсін» делік, бірақ, бұл бейбақты ол несімен орауы керек? Әннің жанкүйерлері «орашы мені» деген орашолақтықты қалай ақтар екен?

«Кел мұнда дейм, хей бейби, бері-бері! Тең келмейтін неткен сен керім едің? Мен бүгіннен бастап енді дәмеленем ертегіні бастауға, Қара, жүрегіңді тез арада алам жаулап, Иә, мен сондай жаман бала болам, Қауіпті алып алатынын алып кетпесе болмайт, Бұған қалай қарайсың? А?!» – деп сандырақтайды одан әрі. Есі дұрыс пенденің сөзіне ұқсай ма? Асты сызылған сөздерге мән берсеңіз, автордың керіміне «тең келмейтін» кім? «Бүгіннен бастайтын ертегісі» не? «Ер Төстік» пе? Оны бастауға «дәмеленгені» несі тағы? Онысымен қоймай, жүректі жамандықпен жаулай алатын да Мәжнүн болады екен. Соңғы жолы мен ара-тұра ағылшын рэперлерінше «иоу», «ее», «хей бейби» деп қоятындарын айтпағанның өзінде!

«Менің күмәнім бар, мені бұл түні сен қаламайтыныңа күмәнім бар, Кінәлама, сенің қызыңды мен жаулап алам, Мені кінәлама, қалай қарайсың, а? Олардың көздері жанып тұрады неге? Жауабы анық сұрақ!».

Бұл «шумақтың» бірінші жолында «бүгін түнді менімен бірге өткізесің» деп алқынса, екінші жолында осы сөзін естіп тұрған қыздың қасындағы жігітке: «Мені кінәлама! Сенің қызыңды қазір алып кете аламын. Бұған қалай қарайсың?» деп доқ көрсетеді. Сосын одан «Олардың (сұлулардың болса керек) көздері неге жанып тұрады?» деп сұрайды да, жігіт жауап бермеген соң, өзі «Жауабы анық сұрақ!» деп білгішсінеді. Келесі «шумақта»:

«Hөy, таң қалма аруларың жатқанда мені сұрап, Менің суретімді түнде армандап жатады олар құшағына орап. Қалай қарайсың? Білем, көре алмайсың менің дәрежемді! Терең демал, терең демал! Тіпті тығылып тыңдайды мені сенің әжең де!» – деп анау бейбаққа және тиіседі. Ninety one тобының ыңырсыған «ырғағына» мынадай ана сүті аузынан кетпеген қыздарың тұрмақ, төрінен көрі жақын әжең де ынтық деген кеудемсоқтық!

Тізе берсек, бұл дегеніңіз – жыланның шұрық-тесік өлексесі сынды ұзыннан-ұзақ созылып жатқан бірдеңе. «Cенің денең елеңдеген бұл әуенге лап-лаулауда», «Мойында, сенің ойыңды оп-оңай оқығаным баурауда» деп кете береді, құрысын!

Енді «Ұмытпа» деген «өлеңге» келейік... «Иә, уақыт өтпелі зат білем, Жиналады арадағы өкпе, ыза, Мен келем бәрін елемей, тек дереу саған жолды тауып, Алдағы тауларды төңкеріп сап, қара! Әттең, суыдың, жоқ сезім мүлде сенде, енді түнекке лақтыр тек! Мен-ақ күтем сенің жылуыңды, білем енді бола алмайды дым бұрынғыдай, Иә, бірақ та мен...».

Соңғы «шумағы» бұл! Бұған дейінгілерімен бастарыңызды қатырғымыз келмеді. Уақыт деген «өтпелі затты» кері ысырып, ештеңені елемей келе жатқан жігіттің жолына «Толағай» арудың тауларды төңкеріп тастап қарағанынан артық не керек?! Одан да «Қайырлы түн» дегеніне тоқталайық...

«Жоқ, қиын емес деп, алдайм өзімді, бірақ бейнең елестейт, Бәрін бұзады, мен әрі қозамын, тек жүрегім дайын менімен ерегіске, Білем, сезімің бар, бірақ даймын күнім, Сенсіз ұйықтамайм әрдайым үкімін, Ойым сенімен Тек тәтті өтсін деп дәл осы түнің, Тәтті өтсін деп дәл осы түнің, Тәтті өтсін деп дәл осы түнің».

Әй, мына шатпақты «91-лік» бесеудің Сайлаубек әріптестері де жаттап әуре болмайды-ау?!. Сөйте тұра, кейбір блогер, журналист атанып жүргендерге бұлардың «Қайтадан» деген «әні» ұнайтын көрінеді. «Мәтіні мәнді» деседі. Ал, көрейік!..

«Қалдырма мені! Сөнген сезімді қайта өзгерт, менімен қайта, Айтпа кім деп. Сайтан алғыр махаббат арадағы, Бір жаралықты ұлғайтат! Арақашықтық. Сенде болған сезімдерді қашықтық. Бірақ кімде кінә бұны, Жүрек күмән туды. Жүрек ауырат, Сірә ғашықпын. Мм, білесің бе?..». Осы жерден тоқтай салмасақ болмайды. Сірә, жұртқа ұнаған «мәнді мәтін» осының: «Саған қалай айта алам? Айтпай қалай жай табам? Сол алғашқы жалынды, Жағайықшы қайтадан!» – деген қайырмасы болса керек. Одан басқа кереметін көрмедік. Десек те, Ерболат Беделханның шәкірттері өстіп жүріп, қызға «Айыптама!» деп айқайлайды. Тыңдадыңыздар ғой?.. Енді оқып көріңіздер!

«Басыма бәле болды бұның бәрі, Дымға түсінбей құртасың мидың әлін. Ааа! Бүйтпе-сөйтпе деп бұйырма! Саған не жетпей, не бұйырмады? Айтшы, не қалайтыныңды! Қалмай тыным да, Талай қылдым, бірақ таппадым көңіліңді. Алайда қымбат заттарға көмілдің де, Қанағаттанбағандықтан Тоймай, ойнай, қоймай, Шаршаттың мені! Ааа!».

Осылайша алба-жұлба киімдерін далақтатып, сырғаларын иыққа оңды-солды үйкелей бас шұлғып, түрлі-түсті шаштарын жұлып, өздерінше «образ» жасаумен болады. Нені «талай қылғанын» білгісі келетін топ тыңдармандары да жоқ. Себебі, мәтін маңызды емес. Көз алдарында сайқымазақ бейнелі бес ұл, құлақ түбінде солардың балғын дауысы тұрса болды. Әйтпесе, Айқын Төлепбергеннің де «Пах-пах» деген «әнінде»: «Қарсы емес шығарсың мендей жігіттің етуіне?» деген сөз бар екенін ешкім елемеген-ді. Ал мыналар неге әр «шумақ» сайын «Ааа!» дей береді десек, бұның мәнісін «ақын» төменгі бір «шумақта» былайша «түсіндірген» екен:

«Менің басым аурады! Күніге неге менің басым аурады? Таң қала сен сұрама!».

Бұл ретте «Басы ауырса, емделсін!» дерсіз, қадірлі оқырман? Жо-о-оқ, емделуін «таң қала сен сұрама»! Себебі, бұл атышулы топтың келесі бір әнінің тақырыбы – «Емделгім келмейді». «Мазмұны» мынау:

«Маған бәрі естілді, Сағаттың тілдерінен Бәрі анықталды. Бірақ қабылдағың келмейді. Қайтар суырылған жүрегімді! Қайда байладың мені?», бытықы-шытықы. Жалғастыра берейік пе? Жарайды.

«Бәлкім бақытты қосылғандар? Бірігіп тағдырға пара берген. Сен менің қылмысымның куәгері, Сезімдерімді өлтірдің әртүрлі улар беріп. Жоқ, сен қылмысымның сыбайласы, Бірге болдың, көп істе сыбайластық. Сенің махаббатың маған оттектей жетіспейді, Асықпай өлтіреді білдіртпей...».

«Өлген жері осы екен» дейміз бе, қалай? Асты сызылғандар не сөз? Не ұқтыңыз? Қай жері ауырыпты? Неге емделгісі келмейді екен? Түк ұқпасаңыз, жауабы міне:

«Таралуда у, Түсінем. Бірақ менің сенен емделгім келмейді!».

Күлеміз-ау... Ерігіп отырып, екінің бірі, егіздің сыңары сүйкей салатын сандырақ! Құдды бір, осы дүбәра топ мүшелері қазіргі «түсініксіз өлең» жазатын жас ақындар легіне пародия жасап жүрген сынды. «Бүгінгі күн» деген «ән мәтіні» тіпті сорақы! Одан да үзіп-жұлып үзінді келтіре кетейік: «Көздерің мені шақырып тұрғандай құлаттың, енді көмексіз тұра алмайм», «Бұлай ғой, тосқауылға дайын бол! Кейін бірақ дейік те, Шанссыз абай бол!», «Жып-жылы жерден жылдам ұшып, мені ая! Тып-тын тып-тыныш қып. Жап есігіңді, естілмесін құлып!», «Алға екі қадам беріп жылжы! Көздеріңді жұм-жұм! Оh, yeah! Көздеріңді жұм-жұм! Yeah, көздеріңді жұм-жұм! Oh, yeah, көздеріңді жұм-жұм! Бүгінгі күннен, бүгінгі күннен», «Мен енді көркіне саған байландым»...

Қысқасы, «ең бастысы, қазақша әндерді орындайды ғой» деп жақауратудың қажеті жоқ. Иттің құлы итақайы орындай алады бұндай «әндерді»! Қазір қазақ жастары екі тарап болып, бұлардың тек киім киістері мен боянып-сыланғандарының дұрыс-бұрыстығына қызылкеңірдек болуда. Ал ішкі рухани мүгедектіктің сол сырт көрініске әбден лайық екендігін неге бағамдамасқа? Себебі, жастар мен жасөспірімдеріміздің дені сөз қадірін білмейді. Әлдиден жоқтауға дейінгі өлеңдерді сауатын сарқып саралай алмайды. Өздеріне түсінікті тілде айтсақ, қақпайды! Демек, оларға жынды адамша екі иығын жұлып жеген жұлқыныс, уіл мен ыңырсу болса жетіп жатыр. «Балықтың тілін бақа түсінеді» дегендей.

Түркі тілдерінің ішіндегі ең көркемі – қайран, біздің ана тіліміз! Киеңнен қорқып отырып жазғанымыз осы болды енді...

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Тегтер: ән Ninety One