$ 444.32  473.33  4.76

«Неге өсек пен төсектен аса алмай қалдыңдар?»: Бекжан Тұрыс Нүсіпжановтың үйленуіне қатысты сұраққа жауап берді

«Бір жағынан, сендерде кінә жоқ шығар. Көретіндерің – әншілердің қызылды-жасылды өмірі. Телеарналарда да соларға арналған бағдарламалар, солар жүргізетін жеңіл-желпі бірдеңелер».

Бүгін белгілі актер Бекжан Тұрыс фейсбук парақшасында жұрттың әншілер төңірегіндегі өсек-аяңнан әрі аса алмай қалғанына қынжылыс білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«– Аға, 80-нен асқан ағамыздың тағы үйленіп жатқанына қалай қарайсыз?
– Әй, айналайын, содан басқа әңгіме жоқ па? Өсек пен төсектің айналасынан неге аса алмай қалдыңдар? Жоқ әлде талқылайтын тақырып табылмады ма? – деп сапарласымның сөзінің соңына жеткізбей шарт кеттім де, жайлап сабама түстім», – дейді актер.

Сөйтіп сабасына түскеннен кейін: «Бір жағынан, сендерде кінә жоқ шығар. Көретіндерің – әншілердің қызылды-жасылды өмірі. Телеарналарда да соларға арналған бағдарламалар, солар жүргізетін жеңіл-желпі бірдеңелер», – деп күрсінген. Айтуынша, қазір елді ойландырып, жұртты толғандыратын, ұлтты рухтандыратын дүниелер жоқтың қасы. Сапарласы онысын үнсіз тыңдап отыра берген соң, Бекең сөзін одан әрі сабақтай түскен.

– Байырғы бабаларымыз да ел болуды, өзгелермен терезесі тең болуды көкседі. Ұрпағына ұлан-байтақ қоныс, ұлағатты өсиет-өнеге қалдырды. Ата-бабаларымыздан қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын, қиялда ғана болатын қиян өлке қалды. Яғни, көктегі құс пен жердегі аңға дейін қазақтың ұлттық байлығы. Ащы болса да ашығын айтайық, өкінішке қарай, дарқан даланың ұлы мұрасы түгел тоналып болды...

Тоналмаса, осыдан бірнеше жыл бұрын мына «Алтын емел» асуынан асқанда үйірімен жүретін құланым қайда? Неге көрінбейді? Бұл өлкеде аңнан бұрын адамының да құны қалмағанын түз тағылары қайдан білсін... Құланмен бірге құндылықтардың құрып бара жатқанына екі бірдей қорықшының бейбіт күнде оққа байланғаны дәлел емес пе?! Аң тұрмақ, адамының да құны қалмаған қазір, – деп ашынады ол.

Сондай-ақ, аталарымыздың жер бауырлап ұшқан қарлығашқа қарап-ақ ауа райын болжап, мал-жанын сақтағанын, ғарышқа жол салып, көкке самғамай-ақ аспан әлемін зерттеп, жымыңдаған сансыз жұлдызға әдемі ат қоя білгенін айтып өтеді.

– Көзіміз көрген соң аң мен құстың жоғалғанын сөз етеміз-ау! Ал жерасты байлығымыз – мұнайымыз бен уранымыз, алтынымыз бен күмісіміз қайда? Ол – ол ма, ата-бабам ұрпағына мұраға қалдырған қасиетті Жердің өзін «саудаға салғымыз» келгені ше? Кешіріле ме мұнымыз? Сатқанды былай қойып, жалпыға ортақ құндылықты қалталылардың жекеменшік етіп, басыбайлы иеленуге қақы бар ма еді? Ел мен Жердің иесі кім? Біз – қазақ неге жерасты байлығының игілігін қалталылармен бірге көрмедік? – деп тағы «таусылады».

Әңгіме арасына сол ай-жұлдызбен сырласа білген ұлттың ұрпағы бүгінде телефонға телміріп, желіге байланғанын да қосып қояды. Соның салдарынан ұсақ әңгіме мен арзан сөзге жақын болып кеткенімізді айтып, ағайынды есептен де, өсектен де биік болуға үндейді.

Ол сөйтіп іштегі бар мұң-шерін ақтарып отырғанда, қасындағы сапарласы үнсіз ұйып тыңдай қалыпты. Орынсыз сұрақ қойғанына қысылса керек. Әлде, 82 жасында 82-жылғы қызды алған Нұрекеңнің «ерлігі» туралы ести алмағанына іштей күйіп-пісіп отырды ма, кім білсін?..

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары