$ 494.87  520.65  4.91

Елордада Махамбеттің күйлері орындалады

3 қыркүйекте «Астана» концерт залында өтетін к онцертте Махамбеттің барлық күйлері орындалады.
Фото: Bilimland.kz
Фото: Bilimland.kz

Елордада Махамбет Өтемісұлының туғанына 215 жыл толуына орай «Қайран Нарын» атты концерт өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

3 қыркүйекте «Астана» концерт залында өтетін к онцертте Махамбеттің барлық күйлері орындалады. Соның ішінде «Шілтерлі терезе», «Жорықта», «Қайран нарын», «Қилы кезең», «Жұмыр қылыш», «Өкініш» атты күйлері бар. Айта кету керек, Махамбеттің аталған күйлерін оркестрге арнап нотаға түсірген композитор Айтқали Жайымов. Сонымен бірге осы концерттің бағдарламасына енген «Ақ желең» және «Исатайдың Ақтабаны-ай» күйлерін композитор Еркін Нұрымбетов нотаға түсірген болатын. 

Концертте дауылпаз ақынның кейбір туындыларын жеткізуде танымал домбырашылар шеберліктерін танытатын болса, енді бірқатарын оркестр орындайды.  

Сонымен қатар, концерттің тартымдылығын арттыра түсу мақсатында шағын музыкалық көрініс қойылады. Онда күйші Құрманғазы мен ақын Махамбеттің кездесу сәті бейнеленді. 

Осы кеште М.Өтемісұлының өлеңіне жазылған әндер де шырқалады. 

Оркестр дирижері – Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Айтқали Жайымов. Сондай-ақ, осы концертте Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов пен Әлішер Қасқырбай дирижерлік етеді.  

«Махамбеттің қазақ тарихында, әдебиеті мен мәдениетінде алатын рөлі өте зор. Ол кезінде әділеттілік үшін күрескен батыр, өршіл өлеңімен халықтың рухын көтерген. Сондай-ақ оның күйшілік өнері де өте ғажап. Ешкімге ұқсамайды. Күйлері екпінді, дауылды, қайратты болып келеді. Тыңдап қарасаңыз, әрбір күйінің өне бойында үлкен күш бар екенін байқайсыз. Біздің шығармашылық ұжым өнерсүйер қауымға маусымашар концертінде осындай күй кешін ұсынып отыр»,- деді Айтқали Жайымов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары