$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда «Фариза» спектаклінің премьерасы өтті

Сыршыл да шыншыл ақынын сағынған жұрт қойылымнан үлкен әсер алып қайтты.

Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрында «Фариза» спектаклінің премьерасы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы. 

Поэзия падишасы Фариза Оңғарсыноваға арналған қойылым заманауи техниканың көмегімен сахналанды. Сыршыл да шыншыл ақынын сағынған жұрт қойылымнан үлкен әсер алып қайтты.  

Идея авторы Айнұр Көпбасарованың айтуынша, жыр әлемінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген ақынды сахналау туралы ой үш жыл бұрын туындаған. 

«Фариза Оңғарсынова қаншалықты жұмбақ адам болса  бұл қойылымның өзі соншалықты мистикаға толы қойылым. Өйткені, Фаризаның жұмбақ дүниесін ашу - бір тылсым күш. Ол өз өлеңдерінде ішкі драмасын трагедиясын поэзияға, поэзиясын философияға айналдырған дара ақын», - дейді ол.  

Қойылымда заманауи технология қолданылған.  Сахнада айтылар ойға сай сахналық безендіру мен композитор Ренат Гайсин жазған музыка да көпшілік көңілін дөп басқандай. Продюсерлік орталықтың тапсырысымен пьесаны драматург Роза Мұқанова жазып шыққан. Ал басты кейіпкер - Фариза рөлін Әуезов театрының актрисасы Назгүл Қарабалина ойнады. Қойылымның режиссері Фархат Молдағалиев атап өткендей, актерлар кейіпкерлердің портреттік бейнесін емес, ішкі жан дүниесін ашуға тырысқан. 

 «Спектакльдің ең бірінші ерекшелігі, бұл Қазақстанда болмаған жағдай - бес театрдың басын құрап отырған спектакль. Бұл жерде жаңа технологияларды қолданып, жаңа, басқаша дыбыс шығаратын техникалық жағынан да өте жақсы жабдықталған спектакль», - дейді Фархат Молдағалиев. 

Спектакль алғашқы қойылымынан-ақ көрерменнің көңілінен шықты. «Фариза» енді қазан айында Мәскеуде сахналанады.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алматы