08.09.2019, 12:30

3 миллион теңге: қазақстандық әншілер қыз ұзатудың өзіне қымбат сұрайды

Қызды сыңсу орындап шығарып салатын әйелдердің арасында Айдар Тұрғамбек те бар. Онысын «қарындасын ағасы шығарып салса, еш әбестігі жоқ» деп есептейді өзі.

Қызын абыроймен шығарып, құтты ұясына қондыру ата-ананың бұлжымас парызы. Жиылған жұрт алдындағы беделін ойлаған әке-шешесі ұзатуға бағасы қымбат жұлдыздарды шақырып әуре болатыны жасырын емес. Stan.kz оқырман назарына қыз ұзатуды нәпақа табудың кезекті көзіне айналдырған біздің әншілеріміздің миллионмен өлшенетін бағаларын ұсынды деп хабарлайды, Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұрынырақта қыз ұзату ең жақын туыстар арасында өтетін ең шағын той болса, қазір дүркіреп, шоу түрінде өтетіні жасырын емес. «Ақша кетсе де, абырой кетпесін» дейтін жұртымыз қыз ұзату үшін әншілерді жалдаудың өзі миллион тұратынына қарамайды.

Атап айтқанда, Жазира Байырбекова қызды тұрмысқа 2 миллион теңгемен шығарып салады. Бірақ ол бағаға оның өзі ғана келмейді. Күйеуі Жанболатпен бірге жүреді. Жұлдызды жұп қызды ұзатқаннан кейін тойдың ортасында барлығы 10 шақты ән орындайды.

Салтанат Бақаеваның гонорары – 1 миллион теңге.  Оның сыртында жолы мен екі адамдық қонақ үйінің ақысы бар. Ол қыз ұзатар сыңсысуын айтқаннан кейін той ортасында 3-4 ән орындайды.

Айтыскер ақын Сара Тоқтамысованың мөлшерлемесі – 2 мың доллар. Оның әншілерден бір ерекшелігі – тойға келген жұртшылыққа Арнау айтуы. Құдалар алдында әулеттің барлық мүшелерін мақтау-мадақтау жағын қатыратын болып тұр. Сондай-ақ, ол басқа «қыз ұзатқыштар» сияқты «бизнес-класстан билет алып бер» деп ми ашытып, қымбат қонақ үйді таңдап отырмайды екен.

Мәдина Сәдуақасова 1 500 000 теңге сұрайды. Бұдан бөлек жолы мен қонақ үйі бар. Оған міндетті түрде бизнес-класс билет пен бесжұлдызды қонақ үй болуы керек екен. Сөйте тұра, бас-аяғы 4-5 ән айтады.

Қазақ әйелдерінің арасында «Құралай ханым» деп танылған блогер Құралай Ошақбаеваға 1000 доллар төлеу керек.

Қарақат Әбілдина 3 миллион теңгеге жуық ақша талап етеді. Нақты гонорар – 7 мың доллар. Оның да жанында күйеуі жүреді. Екеуіне алдын ала 3-4 ай бұрын хабарласып тапсырыс беріп қою керек. Бұдан бөлек, екі кісіге бизнес-класс ұшаққа билет, Rixos сынды люкс қонақ үйден бір номер жалдануы шарт. Есесіне олар 15-тен аса ән шырқайды. Жеке де орындайды.

Қызды сыңсу орындап шығарып салатын әйелдердің арасында Айдар Тұрғамбек те бар. Онысын «қарындасын ағасы шығарып салса, еш әбестігі жоқ» деп есептейді өзі. Сол үшін 2-ақ мың доллар алады. Әрине, жоғарыдағы өзге әріптестері сияқты, оның да гонорарымен қоса, жолы мен қонақ үйін той иесі көтереді.

Гүлзира Айдарбекова да қызды 2 мың долларға ұзатады. Жолы мен жатын орны екі адамға есептеледі.