$ 447.4  477.55  4.76

«Патшайымға лайық сарай табылмапты»: Мәжіліс депутаты «Томирис» фильміне қатысты пікір білдірді

Тозық жақты «Борат» та көрсеткен, төл киномызда озық жағымызды көбірек көрсетсек деген оймен айтып отырмын.

Елордадағы «Qazaqstan» орталық концерт залында өткен «Томирис» фильмінің көрсетіліміне қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл кинодан алған әсерімен бөлісті, деп жазады Skifnews.kz ақпараттық порталы.

«Жалпы алғанда, фильм ұнады. Онда әсіресе, әскери шайқастардағы қазақтың жауынгерлік өнері, айла-шарғылары, әдіс-тәсілдері тамаша паш етілген. 

Дегенмен, фильмнің бір қайнауы ішінде ме деп қалдым. Әрине, ұлтымыздың түпкі тамырынан сыр шертетін туындының тұсауы неге мемлекеттік тілде емес, бөгде тілде кесілгеніне және прокатқа бірден қазақша шықпағанына қатысты режиссер Ақан Сатаевтың өзі түсініктеме бергенін білесіздер. 

Бұдан бөлек айтарымыз, біріншіден, жеке инвестицияларға емес, ел қаржысына түсірілгендіктен, Тұмар патшайымға арналған көркем фильмнің сценарийі ең алдымен, халық талқысына, кем дегенде тарихшылар мен мәдени сала мамандарының талдауына ұсынылуы қажет еді. Бірақ олай болмаған соң, кейбір орашолақ тұстары байқалады. 

Екіншіден, еуропалықтар «Тарих атасы» деп атайтын Геродоттың өзі тамсана жазып кеткендіктен, бүкіл әлем жұртшылығы Томириске арналған туындыға назар аударуы ықтимал. Алайда ол арқылы әлемге не көрсетпекпіз? 

Тұмар патшайым біздің Сыр бойынан бастап, ұлан-байтақ жерімізді ен жайлағаны мәлім. Демек, фильм арқылы халықаралық қоғамдастықтың Ұлы Далаға деген қызығушылығын оятып, жеріміздің бар сұлулығын көрсетіп, туризмге тартымды орынға айналдыруға мүмкіндік болды деп санаймын. Бірақ ол жасалмаған. 

Халқымыздың әлемдік өркениетке не бергенін, қандай құндылықтарды қосқанын Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында тұжырымдап берді емес пе?! 

«Томирис» фильмінің соңында «Мына даланы қорғаймын!» дейтін тұсында ұлан-байтақ жеріміздің әр бұрышындағы көрнекті жерлерді, Марқакөлді, Көлсайды, Бурабайды, Алатауды, Тарбағатай бөктерін, қып-қызыл қызғалдаққа толы алқапты, «Алманың отаны» ретінде алма бағын бірер кадр болса да қамтуға, яғни Ұлы даланың керемет көріністерін монтаждап, шамалы секундқа ұсынуға болатын еді. Әйтпесе, көрермен кинофильм бойында тек қу медиен даланы ғана көреді. Бір көріністе адамдар қашып келіп, Көкшенің ішіне, Бурабайға, тастардың арасына енеді, дегенмен, бұл ретте камераға «Жұмбақтас» та емес, әлдебір «өртеніп» кеткен ағаштар ілігеді. 

Үшіншіден, қазіргі заман талабына орай тарихты бұрмалай берген де дұрыс емес. Бәлкім, қазақ қызын қанішер етіп бейнелегісі келмеді ме, кім білсін, фильмде Тұмар патшайым өзінің қас жауы Кир патшаны малайына өлтіртеді. Ал ұлысымызда «ханның басын қара алмайды» деген байырғы заң бар. 

Шын мәнінде, Геродотқа сенсек, Томирис туған ұлының түбіне жеткен қаскүнем Кирдің басын өзі шауып тастаған, содан кейін: «Қанішер, қанға тоймасаң, міне, қанды қауып жат!» деп, ол басты қан толы меске салдыртқан. Тұмар патшайымның ең алдымен жауынгер адам екенін ұмытпаған жөн, ол әкесінің кегін алады, елді жаудан қорғайды. 

Төртіншіден, Томирис қазақ жерінен табылған «Алтын адамның» алтын әшекейлі, салтанатты киімін киген күйде сомдалған. Ғажап! Алайда патшайымға лайық сарай табылмапты. Қайдағы бір балшықтан соғылған лашықтан шығады. Сонда алтынмен апталған киіммен айдалада жүрген бе? 

Көшпелі скифтердің киіз үйде тұратынын алғаш рет ертедегі грек тарихшылары Геродот, Страбон және басқалары айғақтаған. Демек, кинода сән-салтанатты, ханға лайық киіз үйді көрсету керек еді. Киноға үйлену тойынан эпизодтар енгізіліпті, бірақ патшайымға сай салтанат жоқ, жұпыны. Мұны көріп, өзге ел көрермендері қазақтар ежелден өркениеттен кеш қалған деуі ықтимал. Басқа түгіл, Гомердің «Илиада» поэмасының желісімен түсірілген голливудтық «Троя» (Troy) фильмінің өзінде киіз үй көрсетіледі. 

Сәулет пен дизайн өнерінің әлемдік озық үлгісінің бірі деуге тұрарлық, Бөкей ордасының ханы Жәңгір хан жасатқан, пілдің сүйегінен соқтырған киіз үй қазір Англияда тұр деседі. Сондай-ақ Батыс Еуропа, Германияның Гамбург, Майндағы Франкфурт қалаларының мұражайларында да қазақ киіз үйлері сақтаулы. Біздің Алматыда да аса сәнді киіз үйлер барын білемін. 

Бесіншіден, фильмде Кир патшасынан зорлық-зомбылық көрген шеберлер Томиристен пана сұрап келеді, оған қызмет етеді. Сонда қылыш, дулығаны далада соғып жатқан ұсталар паш етіледі. 

Он саусағынан өнер тамған зергер ұсталар халқымызда қазір де бар, олардың қолөнер туындылары туристерді тамсантады. Соларды кинода көрмедей жайып қойса, артық па? 

Кинотуындының кей тұстарын, мазмұнын байыта алмағаны аңғарылады. Ел қаржысы жұмсалғасын, ең болмағанда, ол түсіріліп жатқанда білікті тарихшыларды, дәстүрге жетік зиялы қауым өкілдерін шақырып, ой-пікірін сұрағанда, олар сол жерде-ақ олқылықты түзете салатын еді. 

Тозық жақты «Борат» та көрсеткен, төл киномызда озық жағымызды көбірек көрсетсек деген оймен айтып отырмын. Әйтпесе, өнер жұтап, талғам жүдей береді», - деп пікір білдірді ол.

Тұсаукесерге Сенат төрағасы Дариға Назарбаева, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, басқа да ірі лауазымды тұлғалар, кинотуындының түсіру тобы, актерлер де қатысқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары