03.10.2019, 17:00

«Мінезділік деген — шалыс сөйлегенге шапшып тұру емес» — Мұхамеджан Тазабек (ВИДЕО)

фото: https://www.facebook.com/photo.php?fbid=1276493949199744&set=t.100005174520907&type=3&theater
Диплом жөнінде көптеген құндылықтар бар екендігіне жастардың назарын аударды.

Мұхамеджан Тазабек жастармен кездесу барысында «Диплом жай ғана қағаз, сенің оқығаныңның айқын дәлелі» деп нарықтың болашақ мамандарына ағалық ақылын айтты. Бұл туралы М.Тазабектің фейзбук парақшасына сілтеме жасап Skifnews хабарлайды.

 Рухани құндылықтарды насихаттауда ел ішінде танымал болып жүрген оның ойынша, жастар диплом болса бірден жұмысқа тұрып кетемін деп ойлайды екен. Бірақ ол, диплом жөнінде көптеген құндылықтар бар екендігіне жастардың назарын аударды. Ақыл-кеңестерін бөлісті. 

«Диплом — жетістіктің жолындағы 100 себептің бірі ғана. Білімің біліктілікке ұласпаса, мамандығың адамдығыңмен үйлеспесе табыстың ауылы алыс. Қалтаңдағы қағазың қызыл болғанмен, тәртібің тастай, төзімің тарамыстай болмаса, нәтиже бағындырмайды. Кәсібіңді сүйіп, үздіксіз ізденіп, үнемі жетіліп отырмасаң, ісің ілгерілемейді. Жақсыға жақын боп, мазасызға сабыр қып, өсекшіден аулақ боп, ызақормен дос болмай, бекзаттығыңды сақтау да, ортаға сіңіп, абыройлы болудың үлкен тетігі. Абай xәкімнің: «Ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сиясың» деуінің де негізгі себебі осы», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

 Мұнан бөлек, Мұхамеджан Тазабек: «Мінезділік деген, «ә» десе, «мә» деп ұрынғанға ұмтылып, шалыс сөйлегенге шапшып тұру емес. Үндемейтін жерің мен дүбірлейтін сәтіңді ажыратып, сөзің мен ісіңнің салдарын өлшеп, артынан өкінбейтіндей шешім қабылдай білуің», - деп санасы енді-енді қалыптаса бастаған, қоғамнан өз орындарын іздеп жүрген жас буынды ақылды әрі мінезді, рухани бай болуға шақырды.