Отандық шоу-бизнес жұлдыздары жанкүйерін кеудесінен итеріп, даулы оқиғаға тап болған Қайрат Нұртасқа қатысты пікір білдірді. Әйелдер қауымы хитменді жақтап шықса, өнердегі ерлер ол үшін халықтың алдында кешірім сұрап әлек болды деп жазады Youtube желісіндегі «ShowNewkz» бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Алғашқылардың бірі болып бұл оқиғаға қатысты Мадина Сәдуақасова өз ойын білдірді. Ол Қайратты жамандыққа қимайтынын бірден кесіп айтты.
«Ол негізі өте дөрекі адам емес. Қайрат керісінше сыпайы, жұмсақ адам. Менің ойымша, ол солай көрініп қалған шығар. Ал, бірақ әр түрлі жағдай болады. Тіпті, ән айтып тұрсаң, сенің бетіңді камерасына бұрып алатын адамдар да болады», - деді ол.
Белгілі актриса Лидия Каденова болса мұндай жағдайда халық кінәні өзінен мүлде көрмей, бірден жұлдызға жаба салатынын жеткізді.
«Киркоровты, біздің әнші балаларды айтып жатады. Ол тегіннен тегін біреуге барып, қол көтермейді. Кейде, халық ренжіп жатады. Әншілерді тәкаппар деп сынап жатады. Олар кінә өздерінен екенін білмейді» , - деді Каденова.
Халықтың сынына ұшыраған Қайратты жақтаушылар қатарында өнердегі ағасы Нұрлан Албан да бар. «Қайрошты қатты сөгуге болмайтын шығар. Мүмкін мазасы болмаған шығар. Өйткені, бір сахнаға шыққанда сізден қаншама күш кетеді. Көпшілік қой.
Әрқайсысы суретке түскісі, қолыңды алғысы, бетіңді сүйгісі келеді. Ренжіп жатқан ағайындар болса, Қайрош үшін мен кешірім сұраймын» , - деп ағынан жарылды ол.
Отандық композитор Арман Дүйсенов те оқиғадан тыс қалмай, өз пікірін білдіре кетті.
«Енді адам баласы ғой. Көтере алмаса, көтере алмайтын шығар. Кей кезде сондай да кезең болатын шығар. Одан кейін өзінің жасы келгенде жайлап түсінеді. Қорытады оны. Содан кейін бір мәмлеге келеді. Ар жағында әкесі бар жөн көрсетер. Ақылшы анасы бар дегендей», - деді композитор.
Айта кетейік, бұған дейін жанкүйері ұсынған сыйлықтан бас тартқан Қайрат Нұртасты жұрт сынға алған болатын.