$ 447.4  477.55  4.76

«Ән айту харам»: танымал айтыскер діни ұстанымына байланысты сахнадан кеткен әншілерді сынады

«Сол кезде біраз хадистерді оқып, біраз сүрелерді оқып, «ойбай, мына әннен кету керек екен», «болмайды екен», «харам екен» деп кетіп қалып, кейін қайтадан өзінің тауып жүрген нәпақасы, несібесі содан екенін біліп, қайтып оралған әншілердің біразын білемін», - дейді ақын Серікзат Дүйсенғазы.
фото: aitysker.org
фото: aitysker.org

Әншілердің арасында «ән айту харам» деген сөз тіркесі «сәнге» айналғалы қашан. Мәселен, микрофон ұстап ән айтқандарын емес, мешітке барғандарын мақтан тұтатын әншілер көбейді. Бұл нені білдіреді? Сахнада «сақал» мен дін, микрофон мен тәспі таласқа түсіп жүрген кезеңде қайсысының асығы алшасынан түсері әзірге беймәлім. Бұл туралы Stan.kz - «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды. 

«Сол кезде біраз хадистерді оқып, біраз сүрелерді оқып, «ойбай, мына әннен кету керек екен», «болмайды екен», «харам екен» деп кетіп қалып, кейін қайтадан өзінің тауып жүрген нәпақасы, несібесі содан екенін біліп, қайтып оралған әншілердің біразын білемін», - дейді ақын Серікзат Дүйсенғазы.

Иә, Серікзат ақынның білетіні ішінде. Олардың атын атап, түсін түстемеді. Десе де біреулер келіп, біреулер кетіп жатқан шоу бизнесті тәрк еткен әншілердің біразын халық біледі. Дінге бет бұрған өнер иелерінің арасында «ән айту харам» деген тіркес бір кездері Мысырға оқуға аттанып, өнерден кетіп, қайта келген Бейбіт Құшқалиевтен соң пайда болған еді.

Әр шыққан әні хитке айналатын әншінің қазіргі ойы өзгерген сияқты, әнін айтып қана қоймай, секеңдеп би де билейді. Тыңдармандарының аяқтарын қимылдатып, «бүйтіп, сүйтіп билетіп жүрген KZ тобының экс-әншісі құдай бойыңа қандай өнер береді, сонымен айналысқан жөн екен деген тоқтамға келген. Нәпақасын тек әнмен ғана таба алатынына көзі жеткен әнші, әлі күнге дейін дін жолын әншілікпен қатар алып жүр. Өйткені ән айтудан басқа қолымнан ешнәрсе келмеді, дейді.

«Мен енді өзім әлі күнге дейін дін жолын ұстанып жүрген адаммын. Себебі, әр адам өзінің құлшылығын жасап, Құдайға разылығын білдіру керек. Және Құдайдың разылығына ие болу керек. Менің өнерден кетуім діннің әсері емес. Жай өзімнің көзқарасым болды. Мүмкін осы салада жұмыс жасап көремін бе деп ойладым», - дейді Бейбіт Құшқалиев.

«Жұртты қорқытпау керек. Сахнадан кетіп қалып: «Ойбай, мен өзім аман болсам болды. Басқаларың күл болмасаң, бүл бол», - деген әңгіме шын мұсылманның сипаты емес. Егер сол дін саласына кетіп жатқан әншілер болса, діни әндер айтсын. Айтып жүре берсін сахнада. Неге кетіп қалады?» - дейді Серікзат Дүйсенғазы.

Жуырда тағы бір әнші шоу-бизнестің шымылдығын жабуға бекінді. Ол – танымал төрттіктің мүшесі Батыр Байназаров. Күтпеген жаңалық жанкүйерлерін ғана емес, топ жігіттері мен топтың анасын да жылатты.
Батыр Байназаров отандық арналардың біріне берген сұхбатында «діни ұстанымына байланысты топтан кетіп бара жатқандығын» айтқан еді. 

Ал имам бұрын өнерге жақын болған балаларымыздың дінсіз болмағанын еске салды.
«Дәстүрімізде домбыра деген киелі дүние бар. Бұл өте маңызды нәрсе. Өйткені бабаларымызды ешқайсысы дінсіз болған жоқ. Домбыра арқылы Алланың бар екенін халыққа жетікізген», - дейді имам.

Сондай-ақ, дін қызметкері «дұрыс» әрі «бұрыс» әндердің аражігін ажыратып берді.

«Адам баласын азғындыққа итермелейтін, күнәлі іске итермелейтін жаман ойлауға итермелейтін, нәпсіқұмарлыққа итермелейтін бұл әннің музыканың түрі ашық тыйым салынған. Ал енді екінші адамға керісінше адамға рухани пайда әкелетін, ішкі сезімдерге дұрыс көңіл бөлетін, патриоттық сезімді күшейтетін әндер рұқсат етілген», - дейді наиб имам Фархат Исаұлы.

Қожаның қызы – әнін де айтып, намазын да оқып, сахнадан кетпей жүрген әншілердің бірі. Ол қажылығын өтеп келгеннен кейін біржолата дінге бет бұрды. «Оралар бәлкім оралар, мен сыйға тарқан орамал» деп орамалды бренд қылған әншінің саудасы жүрмеді ме, жарнаманы жаулығын жамылып өзі жүргізейін деді ме, әйтеуір орамалды арулардың қатарына қосылды. Роза Әлқожа сынды сахнадан кетпей дін туралы әндерін шырқап жүрген: Мейрамбек Бесбаев, Қайрат Нұртас, Құрмаш Маханов, Айдар Тұрғанбек, Ердос Қанаев, Сержанәлі Әлібек сынды әншілер де бар.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары