Кезінде «Шаншар» әзіл-оспақ театрының арқасында жұлдызы жанған Жұлдызай Дүйсенбиева он жыл бойы көрермен назарынан тыс қалды. Сахнадан кету өнер иесінің өз қалауы болып шықты, деп жазады NUR.KZ, «Айта берсін» бағдарламасына сілтеме жасап.
Жұлдызай Дүйсенбиева шоу-бизнес ортасынан оқшауланып жүруінің себебін түсіндірді. Тұрмысқа шығып, ана атанған ол өміріндегі басты арманы орындалғанын айтты. Бүгінде экс-әзілкеш өз уақытын барынша отбасына арнап жатқанын жеткізді.
«Сахнаны қатты сағынып, құлазып, қызуым көтеріліп ауырып жатқан жоқпын. Өйткені, шыны керек, менің көп жыл күткен бақытым: отбасым, бала-шағам болса дегем. Сол себепті, қазіргі таңда сол отбасыма көп көңіл бөліп жатырмын», - деді Жұлдызай.
Өнер иесі әзіл сахнасына қайта оралуды қаламайтын көрінеді. Мұндай шешімге келуіне танымал әзілкештің өзіндік себептері бар.
«Адам жасына сай болу керек деп ойлаймын. Сахнада жүрген кезімде мен жас едім. 25-26 жастағы Жұлдызай едім. Қазір болса, жасым 40-қа келіп қалды. Сондықтан әр нәрсенің өз уақыты болу керек. Қырыққа келіп, секеңдеп жүрсек, өзімізден кейінгі ұрпаққа не өнеге береміз? Бұл - менің тұрмысқа шыққаннан кейінгі, ана болғаннан кейін, келін болғаннан кейінгі жауапкершілікті алған қалпым», - деді ол.
Оған қоса, Жұлдызай Дүйсенбиева өзінің шынайы өмірде салмақты әрі сабырлы адам екенін айтып, сахнада тек образда болғанын түсіндірді.
«Жалпы, мен негізі осындай салмақты адаммын. Сахнада көрген кезде жұрттың бәрі жеңілтек деп ойлайды. Негізі мен ондай емеспін. Бала кезімде тіптен күлмейтін едім. Неге оқшауланып жүргенімді білмеймін. Бәлкім, сондай шақ шығар менде. Оқшауланғым келеді, онша көп көріне бергім келмейді. Өзімнің көңілім соны қалап тұр. Көпшілік ортаға шыға бергім келмейді», - деді Дүйсенбиева.
«Шаншардың» бұрынғы жұлдызы бүгінде бір қыз тәрбиелеп отыр. Ол болашақта тағы да балалы болуға ниетті екенін білдірді.